Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов алтын құрсақты аналарды марапаттады.
Аудан әкімі Нұржан Ахатов әкімдікте көпбалалы аналарды қабылдап, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыс етті.
Қабылдау барысында киелі Шиелі жерінде тұрып жатқан 19 көпбалалы ана аталған марапатқа ие болды. Оның үшеуі - алтын алқа, он алтысы - күміс. Осылайша аналарды салтанатты түрде құттықтаған аудан басшысы аналарға ізгі ілтипатын білдіріп, ақжарма тілектерін арнады.
Жиын барысында алтын құрсақты аналар да сөз алып, мемлекеттің жасап жатқан қамқорлығына зор алғыстарын білдіріп, жергілікті басшылықтың жұмысына сәттілік тіледі.
«Мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға көрсеткен құрметі мен аудан басшылығынан айтылған ізгі тілектер бізді қанаттандырып, қуантады. Әрбір ананың жүрегінде қуаныш сезімі орнап, жанарлары нұрланды. Елдің ертеңін ойлайтын, ұлтжанды, білімді ұрпақты дүниеге әкеліп, халық санын көбейтуге күш саламыз», - деді «Алтын алқа» иегері, көпбалалы ана.
Айта кетейік, Шиелі ауданы бойынша 2478 батыр ана бар. Оның ішінде «Алтын алқа» иегерлері – 950 болса, «Күміс алқа» таққандардың саны – 1528.
