Kyzylorda-news.kz Бұрынғыда ауылдағы көрші аға-көкелер көшенің ортасында жиналып, гүбір-гүбір әңгіме айтып тұрушы еді. Ол кезде екі қолға бір күректің табылуы қиын болатын. Қазіргі уақытта, жұмыс істеймін деген адамға ауылда, қалада жұмыс көп. Елден жырақтамай-ақ Шиелі ауданы төңірегіндегі зауыттар мен кәсіпорындар да жұмыс орны жетерлік. Айлық жалақылары да жоғары. Тек білікті, жауапты маман болсаңыз болғаны. 

Шыны керек, Шиелі ауданында әкімшілік табалдырығын тоздырып, у-шуын шығарып жүрген жандар бар. Бос жұмыс орындарын ұсынса бірі қабылдап, енді бірі ұсынған жұмысты қанағат тұтпай жататындары да кездеседі. Шиелі аудандық жұмыспен қамту орталығы әр апта сайын фейсбук парақшаларына бос жұмыс орындарының тізімін жариялап отырады. Ал енді, шежірелі өлкеде жасы елуден асқан азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі қалай жүзеге асырылуда? 

Өткен жылдан бастап «Күміс жас» жобасы аясында жасы 50-ден асқан азаматтарды жұмыспен қамту туралы заң жобасы бекітілгені жайлы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлаған болатын. Аталған «Күміс жас» жобасына қатысушылар контингентіне 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар енгізілетін болады. Тарқатып айтар болсақ, жобаға қатысу мерзімі 36 айға дейін ғана. Жобаға қатысушылардың жалақысы бойынша мемлекеттен бөлінетін субсидиялар мөлшері ұлғайтылған. Қазіргі таңда елімізде 50 жастан асқан 964 мыңға жуық әйел бар болса, соның 325 мыңы мүлдем жұмыс істемеген. Мемлекеттен осы азаматтар үшін 131 млрд теңге қаржы бөлінген. Соның ішінде әлеуметтік қызмет орындары да бар. Көпбалалы отбасыларға, әлжуаз азаматтарға арналған гранттар да қарастырылған.

Иә, елімізде қанша жұмыс орындары көп дегенмен де жасы елуді еңсерген жұмыссыз азаматтардың жұмыс табуы қиын. Бұған жасы елуден асқан кісілердің жұмыс іздеп, екі қолға бір күрек таба алмай, талай мекеменің табалдырығын тоздырып жүргені дәлел. Себебі, жұмыс беруші егде жастағыны емес, жастарды жұмысқа қабылдағанды жөн көреді.

Өткен жылы дәл осы жобаға қатысты өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында басқарма басшысы Ғабит Жаңабаев: «Қазіргі уақытта «Күміс жас» жобасына өзгерістер енгізілуде. Яғни, аталмыш жобаға 50 жастан асқан әрбір азаматтың қатысуына мүмкіндік қарастырылып, субсидиялау көлемі жұмыс беруші мен келіскен жалақының бірінші жылы 70 пайызын, екінші жылы 65 пайызын, үшінші жылы 60 пайызын. Содан кейін тұрақты жұмыспен қамтылуы тиіс. Жалпы 2023 жылы жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайызға, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9 пайызға төмендету жоспарлануда», – деген болатын.

Шиелі ауданында экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны – 36 213. Оның 34 406-сы жұмыспен қамтылған. 17754-і жалдамалы қызметкер болса, 16652-сі өз бетінше жұмыспен қамтылған екен. Ал  шежірелі өлкедегі жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрап отыр. Биыл орталыққа 2589 азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, 347 азамат тұрақты жұмыс орындарына орналастырылса, 885 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына (ақылы қоғамдық жұмыс, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, жаңа бизнес-идеяларға қайтарымсыз мемлекеттік грант, алғашқы жұмыс орны, ұрпақтар келісім-шарты, Күміс жас) тартылды.

Ұлтының болашағын ойлаған ұлы Абай атамыз «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», демекші кәсіп іздеп, адал еңбекпен тапқан нәпақа қашан да берекелі болмақ. Еңбектің наны тәтті екенін түсіне білген адам жай жатпасы анық. 

Тағы да оқыңыз: