Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов кәсіби спортшылар күні мерекесі күні қарасаңында бірқатар аудан спортшылары мен ардагерлерін қабылдады.
Қабылдауға аудандық спорт бөлімінің басшысы Н.Сапарбай, облыстық, республикалық, әлемдік додаларда еліміздің көк туын желбіретіп жүрген бірқатар аудан спортшылары мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері қатысты.
Қабылдау барысында аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов аудан спортшыларын кәсіби меркесімен құттықтап, ауданымыздың спорт саласының дамуына ерекше үлес қосып жүрген бірқатар ардагерлер мен спортшыларды аудан әкімі Ахатов Нұржан Сәбитұлының алғыс хаттарымен марапаттады.
«Биылғы жылы спортшыларымызға қолайлы жағдай жасап, бұқаралық және кәсіби спортты одан әрі дамыту мақсатында аймақ басшысының қолдауымен бюджеттен барлығы 1 млрд.теңге жуық қаражат бөлініп отыр. Жаңадан Шиелі кентінен заманауи талаптарға сәйкес 180 орындық спорт сауықтыру кешенінің құрылысы бастау алып, Көкшоқы мөлтек ауданында спорт кешенінің және Балаби ауылындағы спорт мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл – өз кезегінде спортшыларымыздың еркін түрде спортпен айналысып, әлемдік аренада биік белестерді бағындырып, еліміздің көк туын желбіретуге үлкен мүмкін беретін болады», – деді аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов.
Айта кетейік, Азия біріншілігінде ауыр атлетикадан Сансызбаева Айсамал 20 жасқа дейінгі жастар қатарында күміс жүлдегер атанып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындап, екі дүркін азия чемпионы атанды. Сонымен қатар таеквондодан Қапанова Ботакөз Оңтүстік Корея мемлекетінде өткен азия біріншілігінде күміс жүлдегер атанса, жақында ғана Түркияның Конья қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында ауыр атлетикадан ауданымыздың мақтаныштары жерлестеріміз Айзада Мүптілда чемпион атанып, Бектай Асылжан қола жүлдеге ие болды.
Қабылдау соңында аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов ауданымыздың спорт саласының дамуына ерекше үлес қосып жүрген спортшыларымызға сәттілік тіледі.