Kyzylorda-news.kz 16 маусым, жексенбі күні шиеліліктер келешек үшін таңдау жасады. Нақтырақ айтсақ, Шиелі ауданына қарасты 3 ауылдық округі әкімдерінің өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты сайлау өтті. Жергілікті тұрғындар Жаңатұрмыс, Еңбекші, Қарғалы елді мекенінің басшысы болуға үмітті кандидаттарға дауыс беріп, маңызды шешім қабылдады.

Сайлаушылар жоспарлы күні таңғы уақыттан бастап №280, №297, №303 сайлау учаскелеріне асықты. Негізгі мақсат – халық сенімін ақтап, ел үдесінен шығатын азаматқа дауыс беру. 

Аталған учаскелерге барлығы 19 комиссия мүшесі тартылды. 3 округ бойынша 2 мыңнан аса сайлаушы дауыс беру құқына ие болды. Атап айтсақ, Жаңатұрмыста 628, Еңбекшіде 1 035, Қарғалыда 704 сайлаушы бар. Елді мекендерден 8 кандидат сайлау бюллетеніне енгізілген болатын. Олардың 7-і өзін-өзі ұсынған болса, 1-і саяси партия атынан бақ сынады. 

Ауыл тұрғындарының сайлауға ерекше белсенділікпен, жоғары жауапкершілікпен қатысқанын атап өту керек. Олардың қатарында еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін бар. Мәселен, көпбалалы отбасылар, ұжыммен бірге келген қызметкерлер, спорттық жарысқа қатысушы азаматтар мен ақсақалдар, жасөспірімдер мен ақжаулықтар саяси науқан төрінен бой көрсетті. Өздеріне жүктелген жауапкершілікті сезініп, арнайы кабиналарда қалаған кандидатқа дауыс берді. Сайлау күні алғашқы сайлаушылар мен тұңғыш рет дауыс берген жандарға арнайы сыйлықтар да табысталды. 

– Сайлауға қатысу әрі дауыс беру – бәріміздің Отан алдындағы міндетіміз. Расында, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға жағдай жасап, елге қызмет етер әкімімізді сайлауда дұрыс таңдау жасау өте маңызды, – дейді олар. 

Дауыс берушілер қатарында арнайы учаскеге баруға мүмкіндігі жоқ азаматтар да болды. Атаулы күні 3 ауылдық округ бойынша 39 сайлаушы үйден дауыс беруге өтініш қалдырған. Олар тасымалданатын жәшік арқылы сайлау процесіне қатысты. 

Сайлау уақыты кешкі 20:00-ге дейін созылды. Дауыс беру қорытындысымен Шиелі ауданы, Еңбекші ауылдық округінің әкімі болып өзін-өзі ұсыну жолымен бақ сынаған Жүсіпов Елдос Айтөреұлы сайлаушылардың 651 дауысын жинап, әкім атанса, Шиелі ауданы Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі болып 484 дауыспен Шәкіртаев Балдаурен Тұрсынбайұлы сайланды. Балдаурен Шәкіртаев сайлауға «AMANAT» партиясы атынан қатысқан болатын. Ал Шиелі ауданы Қарғалы ауылдық округіне өзін-өзі ұсынған Әбуов Дәулетияр Үмбетиярұлы сайлаушылардың 362 дауысымен жеңіске жетті. 

Арда азаматтардың алдында енді арқалаған жауапкершілікке адал болу міндеті тұр. Бұл ретте қандай да жұмыстың жүйелі әрі сапалы атқарылуы басшы білігіне тікелей байланысты. Әкімдердің ауылдардың хал-ауқатын назардан қалт жібермей, өзекті мәселелерді шешуге барынша күш саларына сенеміз. Ендеше, кезегін күтіп тұрған жаңа істер нәтижелі болғай! 

Қоса кеткен жөн, ауылдық округ әкімдерін сайлау науқаны келесі айда қос ауылда жалғасын таппақ. 7 шілде күні Шиелі іргесіндегі Ақмая және Тұран ауылдық округтері әкімінің сайлауы өткізіледі. Науқан күнтізбелік жоспар аясында ұйымдастырылмақ.

Тағы да оқыңыз: