Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті. Мәжіліске аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Мәжіліс барысында оқу жылының қорытындысы және білім алушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Мәжілісте аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қазіргі кезең - қорытынды емтихандар мен балалардың жазғы демалысын сапалы әрі қауіпсіз ұйымдастырудағы ең жауапты уақыттардың бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты барлық жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Атап айтқанда, балалардың қатысуымен өтетін іс-шараларда құқықтық тәртіптің, қоғамдық және жол қауіпсіздігінің сақталуын қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу, білім беру ұйымдары мен демалыс орындарында қауіпсіздік талаптарын күшейту қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар, балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру басты міндеттердің бірі екені ерекше назарға алынды. Әрбір баланың жазғы кезеңде қауіпсіз әрі мазмұнды демалыспен қамтылуы тиіс екені айтылып, әсіресе әлеуметтік осал санаттағы, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына басымдық беру қажеттігі тапсырылды.
Жазғы сауықтыру лагерлерінің дайындығы, санитарлық талаптардың сақталуы, балалардың тамақтану сапасы, судағы және өрт қауіпсіздігі мәселелері жан-жақты пысықталып, жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктелді. Сонымен бірге, жазғы демалыс маусымы кезінде балалардың белгіленбеген аймақтарда суға түсуінің алдын алу бағытындағы түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Дәуренбек Насибеков баяндама жасап, оқу жылының аяқталуы, қорытынды аттестаттау жұмыстары, жазғы сауықтыру лагерлерінің дайындығы және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру шараларының барысы туралы жан-жақты баяндап өтті.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне балалардың қауіпсіздігі мен жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелерін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
