Kyzylorda-news.kz Жақында шежірелі өлкеде Шиелі аудандық ардагерлер Кеңесінің кезекті ІІІ Пленумы өтті.
Пленум жұмысына Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, "Ардагерлер ұйымы" Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев пен пленум мүшелері қатысты.
Пленумда алғашқы сөзді Шиелі ауданы әкімі Нұржан Ахатов алып, шежірелі өлкеде атқарылған жұмыстар мен ардагерерге көрсетілген құрмет пен алдағы жоспарлармен бөлісті.
Сондай-ақ, пленумда мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил сөз алып, өнегеге толы орамды ойларын айтты. Әрі аймақта, ауданда ардагерлердің құрметіне жоспарланған жобалар мен тың бастамаларға тоқталды.
Пленум қорытындысында жиналғандар «Ардагерлер ұйымының» 2024 жылға бекітілген жұмыс жоспарымен танысып, белсенді ардагерлердің бір тобы аудан әкімінің, облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен және алғыс хатымен марапатталды.