Kyzylorda-news.kz. Облыстық «Жайдарман» ойындарының кезекті ойыны Шиеліде өтті. Көңілділер мен тапқырлар кешінде аудан әкімінің кубогі сарапқа салынды. Сайыста аудандардан келген командалар бақ сынады.
Қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелердәі әзілмен әдемі жеткізіп, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. 10 құрама бақ сынаған сайыс тартысты әрі қызықты болды. Төрешілер де әділ қазылық етіп, жастардың ойынын жоғары бағалады.
Жалпы жайдарманның ең басты ерекшелігі – қоғамдағы болып жатқан құбылыстарды өзек етуінде және де халықтың заманауи сұранысының талаптарына сай болуында. Сондай-ақ жастардың интеллектуалды ойлау қабілетін арттырып, жастарды ұлтжандылық пен шығармашылыққа шыңдайды. Жайдарманда сахналық мәдениет, шеберлік, ән, би, мимика, сөйлеу мәнері, ойдың ұшқырлығы аса қатты назар аудартады. Осының барлығы өткізілген сайыста көрініс тапты.
Сайыс нәтижесінде әділ қазылар алқасы тарапынан әзілдері үздік танылған командалар іріктелді. Сонымен, III орын Жөлек ауылынан келген «Үй жақтың балдары» командасына бұйырса, II орынды «Тел Сұлулары» құрамасы иеленді. Ал I орынды №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінің «47 қырандары» құрамасы қанжығасына байлады.
Сонымен қатар «Үздік ойыншы», «Үздік әзіл» номинация иегерлеріне 20 000 теңгеден қаржылай сыйақы берілді. Жарыс жеңімпаздарына кубок пен қаржылай сыйлықты Шиелі аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев табыстады. Ойынға қатысқан өнерпаздарға да ұйымдастырушылар тарапынан арнайы алғыс хат берілді.
Сонымен жайдарман көрермендер үшін – әзіл алаңы болса, жайдарманшылар үшін – өмір, ойын түрінде өтетін шынайы бәсекеге толы өмір. Нақтырақ айтқанда, қатысушылардың өмірге деген көзқарасын қалыптастыратын мықты алаң. Өкінішке қарай қазір шынайы өмірде шын бәсекеге мүмкіндік беретін алаңдар аз. Сол себепті жайдарманның маңызы осында деуге әбден негіз бар.