Kyzylorda-news.kz Қазақ даласында өнерге деген құрмет өте жоғары, ерекше. Шығармашылық деген нәзік әрі құнды дүние. Тоқсан бес жылдық тарихы бар Шиелі жері талай талантты шыңдаған шежіренің ордасы. Өнер руханияттың айнасы десек, сол өнер тарландарының, майталмандарының басын қосқан мәдениет саласы – руханияттың мәйегі. Осы ретте заманауи құрылғылармен және жиһаздармен жабдықталған, өнердің әр қырына баулитын он үйірмесі бар «Арман» мәдениет үйіне айрықша тоқталғымыз келіп отыр.

Шиелідегі Көкшоқы мөлтек ауданында орын тепкен «Арман» мәдениет үйінің ғимараты 1991 жылы бой көтерген. Алғашында ауылдық клуб «Арман» болып ашылып, кейінірек кинотеатр ретінде қызмет жасағанын көнекөз қариялар жиі айтады. Алайда апаттық жағдайда болған соң, қолданыссыз қалған. 2007 жылы «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАҚ» АҚ қолдауымен күрделі жөндеуден өткізіліп, халық игілігіне берілген. 2015 жылдың 1 қарашасына дейін «ҚазАтомӨнеркәсіп ҰАК» АҚ «Қазатомөнеркәсіп – Демеу» ЖШС-нің еншісінде болған. 2 қараша 2015 жылдан бастап Шиелі кенті әкімдігінің «Арман мәдениет үйі» КМҚК болып қызмет атқаруда. Қазіргі таңда мекемені Нұргүл Шалекеева басқарып келеді.

– Болашағын ойлайтын ел дананың ісін балаға үлгі ететіні ежелден белгілі қағида. Шүкір, ел болып ен дүрмектің ішіне енгелі мәдени-танымдық кеңістігіміздің көкжиегін кеңейтуге де көп болып көңіл аударылып жатыр. Бүгінгі түрлі үйірмелер мен шаралар соның айғағы. Мәселен, «Арман» мәдениет үйінде үйірме бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің танымын кеңейту үшін жұмыс істейді. Соның арқасында, балалардың қызығушылығы артып, шұғылданатын хоббилері болады. Бір сәтке виртуалды әлемнен арылып, физикалық, логикалық қозғалысты іске қосады. Қоғамда болып жатқан оқиғаларға алаңдамай, балалық шақтың тәтті дәуренін сезінеді. Атап айтар болсақ, қолөнер және сурет үйірмесінде түрлі суреттер салып, сәндік бұйымдар жасап миды тынықтырады. «Арман» би үйірмесінде жетекшінің үйретуімен түрлі елдердің ұлттық биімен танысып, тіпті, жарыстардан жүлделі оралуда. Сондай-ақ би үйірмесіне қатысу арқылы салауатты өмір салтын сақтайтын балалардың қатары көп, – деді мәдениет директоры Нұргүл Тәңірбергенқызы.

«Арман» мәдениет үйінің болашағы жарқын. Оның негізгі бағыт-бағдары ҚР мәдени саясатының тұжырымдамасын және кент әкімдігінің өкімдерін, шешімдері мен қаулыларын басшылыққа ала отырып мәдениет үйі халық шығармашылығын, этномәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтау, тұрғындардың мәдени демалыстарын ұйымдастырып, көркемөнерпаздар ұжымдары мен өнер адамдарының шығармашылығын насихаттау болып табылады. Өнер мен шығармашылық егіз ұғым деп түсінетін ұжым жыл сайын ата басылым «Өскен өңір» газетінің ардагерлерін ардақтап, БАҚ қызметкерлері күнін де құр қалдырмайды. Мәселен, биыл 65 шара жоспарланған болса, оның 39 орындалды. Оқушылар аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы.

Тағы да оқыңыз: