Kyzylorda-news.kz. Ерекше күтімге мұқтаж балаларға Мемлекет басшысының өзі айрықша назар аударуда. Олар қандай жағдай болмасын қағажу көрмей, қоғамда өздерін еркін сезінуі тиіс. Біз осылай көңілімізді жұбатқанымызбен жыл санап кембағал балалардың көбейіп келе жатқаны жанымызға батады. Шындығында қазір түрлі ауруға шалдығып туатын нәресте көп. Оларға қойылатын диагноздың түрі де артуда.
Жасыратыны жоқ, бүгінде ауданда ерекше балалардың саны 400-ден асады. Мұндай бүлдіршіндердің қоғамнан тыс қалмай, ортада тәрбиеленіп, білім алуына, денсаулықтарын жақсартуға жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек-ақ. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған "Алақай-Нұр" мектеп жасына дейінгі сауықтыру және тәрбиелеу қайырымдылық үйі 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мақсаты - балалардың психологиялық- педагогикалық түзету және әлеуметтік көмекке қажеттіліктерін, мүмкіндіктерін анықтай отырып, түзету-дамыту жұмыстарын жүргізіп, әлеуметтік ортаға бейімдеп, ата-анаға көмек беру.
БАҚ өкілдері орталықта тәрбиеленіп жатқан 15 баланың жай-күйін көріп қайтты. Орталыққа бас сұққан сәтте директоры Нүрия Есенбекова бастаған бір топ қызметкердің көзінен ерекше мейірім лебін сездік. Барлығының тілегі бір - ерекше балалардың сауығып қатарға қосылуы ғана. Арнайы тәрбиеші Ұлдана Қырғызбекова, аяжан Қарлығаш Ерматова, әлеуметтік қызметкер Айгүл Досжанова, аспаз Жанар Әбіловамен тілдесу барысында өз саласына деген нағыз махаббаттың үлгісін көрдік. Балалармен тілегі де, жүрегі де бір екендігін аңғардық. Аты аталған мамандар ерекше балалармен, олардың ата-анасы үшін өз жұмыстарын сапалы атқарып келеді. Бар уақытын ерекше балалардың, ерекше өміріне арнаған мамандар шоғыры саусақпен санарлық болса да, атқарып жатқан жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Ерекше баламен жұмыс істеп қана қоймай, ата-аналардың өмірге деген талпынысын оятуға тырысып түрлі шаралар атқарып келе жатқандықтарын аңғаруға болады. Өзге саламен салыстыруға да келмейтін бұл саланың қызметкерлері көптің алғысына бөленіп те үлгерді. Қызметкерлердің айтуынша 15 баланың ішінде тым құрығанда бір баланың өміріндегі өзгерісті яғни алға жылжуды байқасақ, ол біздің үлкен жеңісіміз. Ата-ананың санасындағы бұлыңғыр болашақ пен күмәнді ойларды сейілтуге барынша тырысатындықтарын айтады.
Бұрындары ата-анамыздың Құдайдан баламен сынамауын сұрап тілек тілеп жатқандықтарын естуші едік. Ол кезде ана сүті аузымыздан кетпеген сары ауыз балапан болатынбыз. Өзім осынау сөз тіркесінің мәнін орталықтың табалдырығын аттап, тәрбиеленушілерді көріп ұғындым. "Алақай-Нұрға" бас сұққан сәттен-ақ ерекше күш бойды билеп әкетті. Директоры Нүрия Есенбекова өте ақжарқын жан екен. Келген сәттен құшақ жая қарсы алып, бар мән-жайды баяндап берді. Ұзақ уақыт бойы ерекше балалармен жұмыс істеп келе жатқан оның көзінен ана мейірімін, аппақ, таза жүректің иесі екендігін аңғару қиын емес. Бар уақытын балалардың оңалуына, мейірім көруіне арнап келеді. Ерекше балалар мен олардың ата-анасын, орталықтағы қызметкерлерді бір арнаға тоғыстыра отырып қызмет етіп жатқан Нүрия апай бір үзік сырларымен бөлісті.
- Бұл жобаның кемшін тұсы -тек бір жылға ғана тендер әдісі жұмыс істейді. Балалар енді үйреніп, бір-бірімен достасып қалған кезде мерзімі ақталып қалады. "Алақай-Нұрдың" ерекше балалардың өсіп-дамуына ықпалы орасан. Бұл бір жағынан ата-анаға едәуір көмек. Күндізгі бөлімде балаларды таңертеңнен үйден алып кету, апару, 4 мезгіл тамағы қарастырылған. Балалар арасында бассейнге, Қызылорда мен Түркістанға саяхатқа шығып тұрады. Бұл жұмыс маған таңсық емес. Осыған дейін талай тағдырдың куәгері болдым. Сай-сүйегімді сырқыратып әкетердей сәттер де жиі кездесті. Дегенмен, менің мақсатым - осы жасқа дейін балалардың болашағының өзгеруіне кішкентайда болса өз үлесімді қосу болды. Түрлі топтағы балалармен жұмыс істеп қана қоймай, ата-анасына баса назар аударатынымызды айтқым келеді. Пенде болған соң, түрлі жағдайлар орын алатындығы белгілі. Бір үміттің желкенінен ұстап балаларын жетелеп келетін ата-аналар бар. Ал кейбірі баласы үшін ұялып, орталыққа алып келуден бас тартатындар да жоқ емес. Бұл қазіргі қоғамның шындығы. Біздің орталық әр баланың сабағының оң нәтиже беруі үшін бар күшін салады. Дегенмен ата-ана тарапынан да алға іргерлеушілік болуы керек. Біз әр баланың сауығып, белгілі бір маман иесі болуына үлес қоссақ, одан асқан бақыт жоқ. Осы орайлы сәтті пайдаланып, аудандағы жомарт азаматтарға да ризашылығымды білдіргім келеді. Қандайда бір мереке, жиын болса азық-түліктей, заттай көмектерін аяған емес. Бар тілегім елімізде бүлдіршіндер қиналмаса екен деймін. Әр бала бақытты балалық шаққа лайықты, - дейді.
Нүрия Ілиясқызы қажырлы еңбегінің арқасында көптің алғысын алып келеді. Дана халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп текке айтпаса керек. Нүрия апай үлкен істердің себепкері болғаны үшін түрлі мараппаттардың да иегері атанып, марапат мінберінен де көрінді. Әйтсе де, Нүрия Есенбекованың жеңісі марапаттар емес, бір баланың болсын мына әлемге тура қарап, бақытты балалық шақты бастан кешіруі болып табылады.
Түйіндей келе, "Алақай-Нұрдағы" мүмкіндігі шектеулі балалардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып, денсаулық кемістігіне қарамастан, өмірдің қиындықтарына тайсалмай төтеп бере алатын қайсар азаматтар тәрбиелеп шығаратыны сөзсіз.
Фото: Нұрболат Нұржаубай
