Kyzylorda-news.kz. Әрбір ұлттың өзіндік болмысы, табиғи сипаты бар. Қазақ халқының ел билеу дәстүріндегі қалың бұқара мен биліктің арақатынасына көпір қызметін атқаратын институт – ақсақалдар кеңесі. Қазақстан халқы Ассамблеясы Шиелі ауданы әкімдігінің жанынан «Ақсақалдар кеңесі» құрылған болатын. Татулық пен бірлікті, даму мен өрлеуді мақсат еткен кеңестің жұма күні отырысы өтті.
Келелі жиынды Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Байкенжеев жүргізді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары, қоғамдық даму бөлімі, денсаулық сақтау бөлімі, жастар ресурстық орталығының басшылары қатысты. Шарада жастарды діннің жат ағымдарынан қорғау, олардың арасындағы мәселелерді шешу жолдары және денсаулық сақтау саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар қарастырылды. Аталған екі мәселе бойынша баяндама жасалып, жан-жақты ақпарат берілді.
«Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын»
Сөз тізгіні бірінші болып жастар ресурстық орталығының директоры Ержан Әбдешовке берілді. Оның айтуынша, қазіргі таңда жеткіншектер арасында діни ахуал тұрақты. Аудандағы жиырма бес мың жастың арасында өзге дін ағымына еріп, адасушылар жоқ. Бірақ басқа дін ағымдарынан қорғау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар тоқтаған емес.
“Жыл көлемінде деструктивті діни ағымды ұстанушыларға дәстүрлі ислам мен зайырлы қоғамның құндылықтарын жастар арасында түсіндіру, ювеналды полиция бөлімімен әртүрлі жедел-профилактикалық шараларының мүмкіндіктерін адрестік оңалту жұмыстарына пайдалану, Рамазан айында мешіттерде адам көп жиналатын тарауих намазы мен Қадір түнінде діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету сынды жұмыстар жалғасуда”, – деп түсіндірді жастар жетекшісі.
Жастар арасында өзге діннің жетегіне кетіп, от баспағандар жоқ болғаны әрине, жақсы. Алайда бұл аудан жастарының арасында мәселенің мүлдем жоқ екенін білдірмейді. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында жұмыссыздық, уақытты текке кетіру мәселесі күйіп тұр. Сұрасаңыз, көбісінің бір-екі дипломы бар, бірақ жұмыс жоқ. Әлде бұл «Жұмыс істегісі келген жол іздейді, жұмыс істегісі келмеген сылтау іздейдінің» кері ме? Ең сорақысы, не жұмысы, не оқуы жоқ жеткіншектер кеш қарайған бойда көше аралап, ойын клубтарын жағалап кетеді. Осылай екі қолға бір күрек таба алмағандардың қатары көбейген соң ба, қазір мұндай жастарды арнайы NEET санатына жатқызатын болған. Қараша халықтың тілімен айтсақ, бұл санатқа жататын жасөспірімдердің не оқуы, не жұмысы, я болмаса дөңгелетіп отырған кәсібі жоқ. Ақсақалдар кеңесін алаңдататын да осы топтағы жастар. Себебі жұмысы жоқ, қарыны тоқ қоғам өкілдері – ең әлжуаз, осал буын. Олар қоғам мен мемлекетке үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Әрине, мыңдаған жастың арасында «кірпіш болып қалануға» ұмтылатындары да бар. Алайда кейде олардың өзі өмірден өз орнын таба алмай, одан кейін қоғамнан жырақтап, зиянды әдеттерге, тіпті суицидке бейім болып кетуі мүмкін. Осы орайда Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Байкенжеев жастар ресурстық орталығының директорына NEET санатындағы жастарға барынша қолдау білдіруге, арасынан таланттарды табуға болатынын ұсынды.
Бұдан бөлек қоғамнан шеттеліп, тыс қалып жататын бір топ бар. Олар – мүмкіндігі шектеулі жастар. Жастар ресурстық орталығы директорының мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша жалпы мүмкіндігі шектеулі жандардың саны – 2382 екен. Ал олардың ішінде 18 бен 35 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулілер – 613. Мұның өзі ішінара топтарына қарай бөлінеді. Иә, мереке сайын арнайы топ мүгедектеріне арнап іс-шара ұйымдастырылып, сыйлықтар таратылып, тіпті рухани жерлерге саяхат та жасалып жатады. Бірақ тіпті төсегінен тұра алмайтын, ауру алқымынан алып, денсаулығын дерт дендеген, бірақ қоршаған ортамен байланысқысы келетін жаны сау, дене мүшесі мүшкіл жастар да жоқ емес. Міне, осындай жасөспірімдердің назардан тыс қалмағанын қалайды Ақсақалдар кеңесі. Көпті көрген қазыналы қариялардың айтуынша, тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандардың арасында ерекше дарын иелері, өнер мен шығармашылыққа жақын адамдар болады екен. Осы орайда «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, онсызда жаны жаралы жеткіншектерге қанат бітіріп, өмірмен араласуына жастар ресурстық орталығы мұрындық болса екен деп өз ойларын жеткізді ақсақалдар.
Ержан Әбдешов баяндамасын қорытындылай келе, алдағы уақытта NEET санатындағы жастарды да, мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерді де жіті қадағалап, түсіндірме шараларын ұйымдастырып, тіпті лайықты жұмыс қарастырып көруге әрекет жасайтынын айтты.
Денсаулықтың құны қанша?
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп ұққан атам қазақ денсаулықтың қадірін о баста түсінген. Қазіргілер де денінің саулығы үшін жанын шүберекке түйіп, барынша аурудың тырнағына ілінбеуге тырысады. Әрине, ауыра қалсаң тірлігің теріс кетіп, ажарың солып, жер қарс айырылғандай күй кешесің. Одан қалды, нарық заманында денсаулықтың құны да арзан болып тұрған жоқ. Бір дәрінің өзі қалтаңды қағып түседі. Ақсақалдар бас қосқан жиын бұл мәселені де айналып өткен жоқ.
Аудандық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Әмірдің баяндамасынан мәліметтерге қанық болған соң, қариялар қоғамдағы дәріханалардың бағасы мен халыққа қызмет көрсету тұрғысында сөз сөйледі. Осы орайда Т.Бабасов ауруханаларда дәрілердің жетіспеушілігін тілге тиек етіп, дәріханаларда зейнеткерлерге жеңілдік болса екен деген ұсынысын ортаға тастады. Замандасының сөзіне келіскен кеңеске қатысушылар тек ауданда ғана емес, ауылдық округтерде де дәріхана соғылып, я болмаса емханаларындағы дәрі қорының жеткілікті болуына әрекет жасаса екен деген ой-пікірін білдірді. Барлығын мұқият тыңдап, қағазға түртіп алған бас дәрігер Нұрлан Әмір алдағы уақытта ұсыныстың жауапсыз қалмайтынын айтып, ақсақалдарға үміт сыйлады.
Алмағайып заманда да, төтенше жағдайда да, зілзала мен тасқында да тұрғындардың бірінші болып көмек сұрайтын адамдары – дәрігерлер. Бірақ кейде адам өзі үй жағдайында емделетін тұстары көп болады. Оның үстіне ақ халаттылар да арнайы дәрілер тізімін жазып, дәріханаға жіберетінін кімнен жасырамыз? Бір үйден бірнеше адам бірден ауырғанда ақшаны қайда жеткізерін білмей бармақ тістейді қараша халық. Осындай да тек зейнеткерлерге ғана емес, көпбалалы, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға да дәріханада жеңілдік қарастырылса екен деген тілек ішімізден қылп ете қалады. «Тамырыңнан түйе сұрасаң қорыққаннан бие береді» демекші ақсақалдардың ұсынысымен қоса қараша халықтың да арманы орындалар, бәлкім!
Келелі кездесудегі кеңес мүшелері күн тәртібіндегі екі мәселені қарастырып болған соң, өзге де тақырыптың тиегін ағытты. Алдағы күнге жоспар қойып, тағы да сын-пікірлер ортаға тасталып, ұтымды ұсыныс та айтылды. Сондай бұйымтайдың бірі Т.Бабасов тарапынан болды. Аудан мәселесіне бей-жай қарамайтын қария өңір орталығындағы латынша жазылған дүкен атауларын қазақша қаріптермен жазуға ой білдірді. Іс жүзінде латын қарпіне ауыспағандықтан, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы бұл ұсынысты жақсы қабылдап, келесі күн тәртібінде толық талқылайтынын жеткізді.