Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ел экономикасын көтерудің басты тетіктері сараланған болатын.
Соның ішінде ауыз су мәселесін толық шешу – ең бірінші міндет. Президент бұл бағыттағы жобалардың сапалы, жұмыстар тиянақты болуға тиіс екенін айтып өтті. Жол карталары мен жоспарлар нақтыланып, елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту жұмысы жүйелі жүргізілуі керек.
Шиелі ауданында сапалы ауыз сумен 39 елді мекендегі 85 мыңнан аса тұрғынның 98 пайызы қамтамасыз етілген. Оның ішінде орталықтандырылған ауыз су жүйесімен 23 елді мекен, оқшау су көздері арқылы 7, ұңғыма арқылы 5, «Теміржол су – Қызылорда» ЖШС арқылы 4 елді мекен қамтылған.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасы аясында Шиелі ауданында Қызылқайың елді мекенінде және Қосүйеңкі елді мекенінде ауыз сумен қамту жүйелерінің және бас су қоймаларының құрылысы жүріп жатыр. Жоба бойынша өткен жылы 15 тонна су мұнарасы, 2 ұңғыма қазылды. Сонымен қатар 1,845 км ауыз су желісі жүргізілуде.
Қарапайым ғана қоңыр ғұмыр кешіп отырған ауылдардың бірі – Қосүйеңкі. Түлігін өргізіп, Тәңірден елдің тыныштығын тілейтін, қазақылықтың қалпы бұзылмаған бұл ауыл көпке үлгі. Осы кезге дейін тіршілік нәрінен қанша таршылық көрсе де, атақонысын тастап кетпеді. Бір сөзбен айтқанда, бұл жерде ауылдың ажарына алаңдаған ағайын тұрады. Қосүйеңкіге биыл ауыз суға Ұлттық қор есебінен 190,1 млн теңге қаржы қарастырылған екен. Оған ауыз су мен қамту жүйелері және бас су қоймалараның құрылысы жүргізіліп, ауыл тұрғындары толықтай таза ауыз сумен қамтылды. Сонымен қатар Қызылқайыңға да дәл осы қор есебінен 213,9 млн теңге бөлініп, тиісті құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді.
Түйіндей келе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл-аймақты дамыту бойынша тапсырмасын сапалы орындау, ауданның экономикалық-әлеуметтік әлеуетін көтеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Соның айқын дәлелі - Ұлттық қор есебінен ауданда елді мекендерді сумен жабдықтау нысандарын салу жобалары іске асып жатыр. Демек, бұл су құбыры желілері мен блокты-модульдік станциялардың қондырғылары таза ауыз суды үздіксіз алуға мүмкіндік береді.
