Kyzylorda-news.kz Осыдан бір жыл бұрын адамзаттың даму тарихының бірегей ошағы шежірелі өлкеге – 95 жыл толды. Шиелі экономикасы өркендеп, халқының әл-ауқаты өсіп келе жатқан аудандардың санатында. Талай тоқырауды басынан өткеріп, дағдарыстан кейінгі өсу – мұның барлығы ел болып қолдаудың, шұғыл шаралар мен дер кезінде қабылданған шешімдердің жемісі екені даусыз. Біріншіден, бекем бірлік, екiншiден, сол киелі мекенге маңдайының тері сіңген қарапайым шиеліліктердің еңбегi.
49 КӨШЕ ҚАЛЫПҚА КЕЛДІ
Дамудың даңғыл жолына көшкен шежірелі өлке бүгінгі күні қала іспеттес елді мекенге айналған жайы бар. Өйткені, киелі Шиелі мерейленіп, жыл сайын жаңарып, шарықтау үстінде. Жаңа ғимараттар бой көтеріп, қолға алынған жол жөндеу жұмыстары аудан көркіне көрік қосып, ажарын аша түсуде. Қоғамдық орындар жаңаша түрге еніп, әртүрлі заманауи нысандар да өзінше бір әр беруде. Шиелі аудандық орталықтандырылған кітапхана маңындағы жаңа демалыс орны, стадион маңындағы заманауи макет пен тау тұлғалар бейнеленген мурал көптің көзайымына айналып та үлгерді. Ал «Самара-Шымкент» тас жолының бойы, орталық алаң мен «Береке» сауда үйіндегі, Жақаев, Абдукаримов көшелеріндегі «лэд» экран кенттің сәнін одан әрі аша түскендей. Бұл да бір дамудың тың әдісі. Себебі көшелерге ілінген баннерлер күнге тозып, өңі қашып, үнемі жаңартып отыруға тура келеді. Қазіргі таңда «лэд» экраннан Шиелі ауданындағы мекемелердің атқарылған жұмыстары мен жарнамалар көрсетіліп тұрады.
Өздеріңіз куә болғандай, Шиелі ауданында жол жөндеу жұмыстары жандануда. Айталық, аудан орталығының күре жолдары Әл-Фараби, Досбол датқа, Дәулеткерей, Байтұрсынов, Жақаев, Абылай хан, Бұдабай, Сейфуллин, Шәкәрім көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстарды қарқынды түрде жүргізілді. Аталған жұмыстарды «Қызылорда Жолдары» ЖШС атқарды. Қоса кеткен жөн, күрделі жөндеу жұмыстары өтпелі кезеңмен жасалған. Яғни, 2023 жылы жалпы құны 1 миллард 555 миллион теңгені құрайтын жөндеу жұмыстарының 300 млн теңгесі бөлінсе, қалған қаражат 2024 жылы бөлінбек.
Қазіргі сәтте Байтұрсынов, Ы.Жақаев көшелерінде жол жөндеу жұмыстары аяқталып, мұндағы асфальт жабындысының қалыңдығы 11 сантиметрді құрайды.
Мамандардың мәліметінше, Шиелі кентінің көшелерін қалыпқа келтіру үшін облыстық бюджеттен жалпы ұзындығы 19,8 шақырым болатын 49 көшені орташа жөндеуге 564 млн теңге бөлініпті.
«АУЫЛЫНА ҚАРАП, АЗАМАТЫН ТАНЫ»
Нақ осы тәмсілді Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов өлкемізге келгелі берік ұстанды. Яғни, тазалық мәселесін мықтап қолға алғаны әмбеге аян. Соның арқасында кенттің шырайы күннен-күнге айшықтала түсуде. Шиелі ауданы әкімі Нұржан Сәбитұлы аудандық ардагерлер кеңесі ғимаратында қоғамдық мүшелері және ардагерлер кеңесі төрағаларымен еркін форматта кездесуде ұйымдастырған-ды. Жиын барысында өткен жылы аудан көлемінде жолдарды жөндеуге 3 млрд теңгеден астам қаражат тартылғандығын сөз етті. Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан көтерілген түрлі ұсыныс-пікірлерге орай Шиелі кентінде орталықтандырылған кәріз жүйесі құрылысы қолға алынатындығы, көркейту-көгалдандыру бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасын тауып, жас өскін, тал шыбықтарға тамшылатып суғару жүйесі жүргізілетіндігін айтты.
Су саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлияр Сейітов: «Ауданда өткен жылы егілген тал көшеттердің 50%-ы алып тұр. Өйткені бұл тиімді ұйымдастырылған жұмыс. Көп жерлерде тамшылатып суғару әдісі қолға алынған. Негізі егілген көшеттің 30%-ы алынса, ол жаман емес. Дұрыс деген баға. Бұған дейін 10%-ға да жетпей келген» деді.
Осы тұста байырғы бабалардың «Мың шыбық шаншып өсірсең, халқыңа орман салғаның, өзіңе қорған салғаның» деген сөзі сап ете қалады. Әр тұрғын көшет әкеліп отырғызуы тиіс. Себебі түрлі кеселден аулақ болу үшін ағашты көбейтіп, аулаларды абаттандыру қашанда маңызға ие.
Шиелі «таза, жасыл аймақ» ретінде өзге өңірлерге үлгі болуы тиіс. Оған мүмкіндік мол. Сырттан келген қонақтар «қандай таза, шырайлы» деп тамсанып, таңданса, ол біздің де көңілімізді көркейтпей ме?! Сырттан келген сыншының көзі сүйсініп, өзіміз үшін мақтаныш сезімі ұялайтын ауыл мен көше тазалығы бәрімізге ортақ.