«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген тәмсіл сөз рас екен. Тікен тірлікте күйбең тіршілікпен өмір сүріп жатқан адамдар көп. Күннің көзі жарқырап, ал өмір-өзен тоқтаусыз ағып, жан-жағын қармап, толқынды тербелісімен алаңсыз алға ұмтылуда. Бір толқынды екінші тоқын басып,ағып келе жатқандай ағалардың ізін кейінгі тоқын інілер басып, тарих ұрпақтар сабақтастығымен жалғасып жатыр.

1919 жылдың 19 мамырында Шиелі атанған, кейін шиедей құлпырып, бүгінде көрікті елді мекенге айналған аудан баршамыздың жүрегімізде. Туған жеріміз – бізге сондай ыстық. Қасиетті де саялы өңір бұл. Осы киелі топырақта жаратылдық, туып-өстік, өркендедік. Өлкеге аянбай еңбек еткен тұлғалар жайлы  деректерді оқыдық. «Жақсының аты өшпейді» демекші, халық үшін қызмет атқарған абзал жандардың есімі мәңгілік ел жадында. Осы орайда 31 жыл Шиелі аудандық ауруханасының бас дәрігері болған Смайыл Сейітназарұлы жайлы қалам тербемекпіз. 

Ол Ұлы Отан соғысына қатысып, «Қызыл жұлдыз» орденін алған, бейбіт өмірде қажырлы еңбегімен «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерін кеудесіне қадаған, Шиелі халқының сүйікті де қымбат, құрметті азаматы болған. Көптеген ізбасарын тәрбиелеп, халықтың денсаулығы жолында бар тәжірибесі мен білімін жұмсаған, үлгілі дәрігер еді. Әттең, көзі тірі болса биыл 100 жасқа толар еді... Әйтсе де, өмірден кетсе де, көңілімізден ешқашан кетпейді. Ақ халатындай ақ адал антына дақ түсірмеген дәрігерді жуырда Шиелі жұртшылығы еске алып, әруағына Құран бағыштап, ас берді.

СМАЙЫЛ КӘРІМБАЕВҚА ЕСКЕРТКІШ-БЮСТ ОРНАТЫЛДЫ

«Елім деген ерді ел құрметтер» дейді халық даналығы. Мұндай бағаға туған халқының болашағы үшін тер төгіп, құрметке бөленген азаматтар ғана лайық. Елеулі еңбегінің арқасында қадірлі болған дәрігердің бюсті көпбейінді аудандық аурухананың ішінде орнатылды. Іс-шараға қатысқан Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов медицина майталманының денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесін атап өтіп, қойылған бюст-ескерткіш аудандағы медицина саласында еңбек ететін барша мамандарға деген құрметтің белгісі екенін айтты. 

– Еліне еңбегі сіңген, халқына қамқоршы бола білген, ажал тілі сүйреңдеген от пен оқтың ортасынан аман оралып, соңғы күндеріне дейін өткір скальпелін қолынан түсірмеген, өз кезінің аңыз адамына айналған алып тұлға. Өңірімізге тарихи тұлғаларға ескерткіш орнатылуы өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге дер едім, – деді аудан басшысы Н.Сәбитұлы. 

Әрмен қарай сөз кезегі облыстық медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханұлы және тарихшы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, қаламгер Өтеген Абдраманға берілді. Олар дәрігерлік мамандықтан еш уақытта қол үзбеген хирургтың өмір дерегіне тоқталды. Олардың айтуынша, ол хирург ретінде күніне бірнеше рет ота бөлмесінде науқастарға аса шеберлікпен білікті көмек көрсеткен. Барлық Шиелі халқы кент орталығынан бастап шалғайдағы малшыларға дейін бас дәрігердің қамқорлық аясында болды. Алыстағы малшыларға маман-дәрігер керек болып қалған жағдайда өзі де жедел араласып, бірнеше рет ажалға ара тұра білді. 

Сонымен қатар шара барысында мүсіннің ашылу рәсімі өтіп, дәрігердің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Салтанатты шараға арнайы парламент депутаты М.Ергешбаев, жазушы-сыншы Б.Сарбалаұлы, Т.Маханов, Ж.Исаева т.б қонақтар қатысты.

ӘЛЕУМЕТТІК ДӘРІХАНА АШЫЛДЫ

Лента қиылып болған соң, біз тілшілік қызметпен Шиелі аудандық аурухана жанында орналасқан «Аптечка» дәріханасына бағыт алдық. Мұнда дәріхананың ашылу салтанатына қатыстық. Бәріңізге мәлім, Шиеліде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша көптеген игі жұмыстар атқарылуда. Көп қабатты тұрғын үйлер, нысандар көптеп слаынып, халық игіліне берілуде. Әсіресе, кәсіпкерлікті дамытуға бсымдық беріліп, мемлекет тарапынан осы саланы қолдауға бар мүмкіндіктер жасалуда. Соның нәтижесінде өңірде кәсіпкерлік саласында оң өзгерістер қалыптасты. Міне, бұл дәріхана да жергілікті тұрғындарды қолжетімді, яғни арзан әрі сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге кірісті. Жаңа нысанды кәсіпкер Манат Тамабайқызы жүзеге асырып, қарқынды жұмыс істеуде. Бұл дәріхана емханаға қарама-қарсы яғни, кенттегі Жайылбаев №57 көшесінде орналасқан.

АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН ДӘРІГЕР

Келесі бағытымыз Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде өткен КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі Смайыл Кәрімбаевтың 100 жылдығына арналған «Аты аңызға айналған дәрігер» атты ғылыми-тәжірибелік конференция. Ауқымды іс-шараға аудан ардагерлері, медицина саласының ардагерлері мен сол саладағы 250 қызметкер, ағайын-туыстар қатысты. 

Салтанатты шара басталмас бұрын LED-экранда дәрігердің өмірі туралы бейнеролик көрсетілді. Зал адамдарға лық толы. Жан-жақта жарықтар, әсерлі көріністің куәсі болдық. Конференцияның шымылдығын облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Абубакирова ашып берді. 

Содан кейін Шиелі көпбейінді аудандық ауруханасының бас дәрігері Алмас Әбдіғаппарұлы С.Кәрімбаевтың өмірбаянына кеңірек тоқталып, баяндамасын оқып берді. Келесі Бақытбек Жамантаев та «Шиелі хирургиясының кешегісі мен бүгінгісі» атты слайдын көрсетіп, баяндамасын талдап берді. Естелік сөз сөйлеген медицина ардагерлері Раиса Әбдешқызы мен Абдулла Сыздықұлы да микрофон тізгінін ұстап, жылы естеліктерін айтты. Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Әзімханұлы да өзі шығарған өлеңін оқып, көпшіліктің жүрегін тебірентті. Хирургтың ұлы Мұхитжан Кәрімбаев та сөз алып, келген қатысушыларға алғысын және игі тілегін арнады. 

– Иә, ол қашан да шындықтың бетіне тура қарай білді. Тайсақтап, жауырды жаба тоқу немесе лауазымы жоғарыларға жағымпазданудлан аулақ болды. Кеңес өкіметі кезінде елінің еңсесін тіктеп, өсіп, өркен жаюына өзінің зор үлесін қосты. Әрдайым әділеттің ақ жолынан айнымай, өзі сүйген кәсібінің шыңына шыққан Сырдың сырбаз мінезіндей сыралғы, қолы алтын, ойы терең әкемізді киелі жері Шиеліде әрі біз де сағынғанымыз рас, – деді ол. 

Сондай-ақ шараның тағы бір ерекшелігі, Мұрат Күлімбеттің «Аңызға айналған адам» кітабының лентасын шешу салтанатты сәтімен жалғасын тапқандығында дер едік. Лентаны Ж.Абубакирова, Т.Маханов шешті. 

«Өткенсіз болашақ жоқ» дегендей, кез келген жаңалық бұрынғының өзегінде дамып, кейінгі ұрпақтар аға буынның жақсы ісін одан әрі жалғастырады. Міне, соның бірде-бір дәлелі осындай игі шара дер едік. 

Тағы да оқыңыз: