Kyzylorda-news.kz. Егін жайын айтқанда хәкім Абайдың «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деген қанатты сөзі ойға оралады. Иә, ерте көктемнен бастап гектарлап жер жыртып, күріш егіп, оны баптап отыру да оңай іс емес. Оған қоса елімізде орын алып жатқан су тапшылығы тағы бар. Осы тұста біз шаруасы ширақ, ісі мығым «Әшірбеков» шаруа қожалығы туралы айтуға бекіндік.

Ең алдымен шаруа қожалықтың тарихи құрылымын тілге тиек етсек. Бағлан Әміреұлы 1997 жылы «Әшірбеков» шаруа қожалығын құрып, азын-аулақ жерге жоңышқа егіп, үй жағдайындағы малдың азығын дайындаудан бастайды. Азын-аулақ жерге Сыр маржанын егіп бастаған қожалық бүгінде 300 гектар жерге күріш, 300 гектарға жоңышқа, 50 гектарға бидай егеді. Жыл сайын Сыр салысын өсіруде тәжірибе жинақтап, егіс көлемін де жылдан-жылға ұлғайтуда. Өткен жылы шаруа қожалық маңдай тердің арқасында күріштен 50-60 центнерден өнім жинаған.

Ерте көктемнен басталатын тірлік қара күзге дейін тынымсыз бейнетпен жалғасады. Шаруа қожалықтың жұмысына Бағлан Әміреұлы басшылық етеді. Ол 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Диқандыққа бет бұрған қожалықтың жұмысшылары түрлі ауыл шаруашылық техникаларын тізгіндейді. Қазіргі уақытта «Әшірбеков» шаруа қожалығында 30-ға жуық техника бар. Биыл егіс алқабына күріштің «Маршал» сорты егіліп, көктемгі дала жұмыстарын толықтай бітірген. Тағы бір айта кетерлігі, шаруашылық иелігінде 2018 жылы салынған құны 250 млн теңге болатын күріш ақтау цехы жұмыс істеуде. Цех тәулігіне 60 тонна күріш өңдейді. Ал, зауытта 12 адам тұрақты жұмыс істейді.

Бүгінде «Әшірбеков» шаруа қожалығы күріш егумен қатар мал асылдандырумен де айналысады. Жалпы қожалық иелігінде 3500 қой, 124 сиыр бар. Мұнда малды асылдандыру бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. 125 бас ақбас сиыры бар. Сондай-ақ, қожалықта 100 басқа арналған мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Онда 50 шақты малды, ет бағытындағы қазақтың ақбас бұқаларын бағып, асылдандырумен айналысады.

«Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы» демекші, Бағлан Әміреұлы тынымсыз тірліктің, ақ пейілді, жомарт жүректігімен ауданға аты шыққан азамат. Ауданда тұрмысы төмен отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік пен күріш тарту етіп, әр уақытта көмек қолын созып келеді. Міне, Бағлан Әміреұлының азаматтық мәрттігі оның үнемі қайырымдылық шаралардың басынан табылуы жеңісті де, жемісті іс деп білеміз. Осындай игілікті істерімен 2012 жылы ауданның мәслихат депутаты, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» төсбелгісімен қатар Ауыл шаруашылығы министрінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған арда азамат. Бұл құрметтің бәрі – игілікті істердің нәтижесі.

Иә, еңбектену қашанда береке мен ризықтың бастауы. Ал адал кәсіп жасау – адам болмысының туған жер, өсіп-өнген өлкесіне деген азаматтық ұстанымын қалыптастырады. Қашанда елім деген азаматтың ертеңі жарқын, болашағы айқын болары сөзсіз. Біз жазып отырған сөздің мағынасын өмірдің өзі дәлелдеуде. Елінің үмітін, халқының сенімін арқалаған арда азамат қана тығырықтан тарықпай шығып, тындырымды тірлігімен биік белесті бағындырады.

Тағы да оқыңыз: