Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3-курс студенті Шапағат Сағадатқызы «Орхун» академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Түркияның Конья қаласындағы Селжук университетінде білім алуда. Ол аталған университеттің Әдебиет факультетінде (Edebiyat Fakültesi) психология мамандығы бойынша оқуын жалғастырып, шетелдегі студенттік тәжірибесімен бөлісті.
Шапағат университетке оқуға қабылданған сәттен бастап академиялық ұтқырлық бағдарламасына қызығушылық танытқан. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ұсынған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, білімін жетілдіруді және өзін жаңа ортада сынап көруді мақсат еткен.
«Түркияға келген сәтте жүрегімде қуаныш пен қобалжу қатар болды. Жаңа ел, жаңа орта, жаңа армандар – бәрі ерекше сезім сыйлады. Сол кезде үлкен арманыма қарай алғашқы қадамымды жасағанымды түсіндім», – дейді ол.
Селжук университетіндегі дәрістер түрік тілінде жүргізіледі. Шапағат сапар алдында арнайы тілдік курстарға қатысып, түрік тілін меңгеру арқылы жаңа білім беру ортасына алдын ала дайындалған. Бұл оның оқу үдерісіне еркін араласып, шетелдік білім беру жүйесіне бейімделуіне мүмкіндік берді.
Студентке түрік халқының қонақжайлығы, ақжарқын мінезі мен мейірімділігі ерекше әсер қалдырған. Оның айтуынша, шетелде білім алу жаңа мәдениетпен танысуға, дүниетанымын кеңейтуге және өмірге өзгеше көзқараспен қарауға ықпал еткен.
Оқудан бос уақытында Шапағат Түркияның көрікті жерлерін аралап, елдің тарихи-мәдени және табиғи ерекшеліктерімен танысқан. Ол Конья қаласымен қатар, таңғажайып табиғатымен танымал Каппадокия мен көгілдір теңізі, әсем жағажайларымен ерекшеленетін Фетхиеге саяхаттаған.
«Академиялық ұтқырлық – мен үшін білім мен жарқын естеліктерді тоғыстырған ерекше мүмкіндік. Бұл бағдарлама арқылы өзімді жаңа қырымнан танып, дүниетанымымды кеңейттім, өзге мәдениетті түсінуді және жаңа ортаға бейімделуді үйрендім. Сондай-ақ өз күшіме сеніп, армандарыма бір қадам жақындай түстім», – дейді Шапағат.
Ол университет студенттерін академиялық ұтқырлық бағдарламаларына белсенді қатысып, өзге елде білім алуға және жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға шақырады. Шапағаттың пікірінше, академиялық ұтқырлық – жай ғана саяхат емес, білім мен тәжірибеге, жаңа орта мен ұмытылмас естеліктерге бастайтын маңызды қадам.
