Kyzylorda-news.kz Өткен аптада Жалағаш ауданының 85 жылдығына орай мемлекеттік қызметшілер және Қазақстан полициясы күні қарсаңында мекемелер арасында шағын футболдан сайыс өтті. Тартысты бәсекеге Жалағаш ауданына қарасты кент және ауылдық округтерден, бөлімдер мен мекемелерден 8 команда қатысып, жүлделерді сарапқа салды.

Аптаның 5 күнін жұмыста өткізетін қызметкерлер спортпен шұғылдануға да уақыт тапты. Жарыс өте тартысты өтті, барлық команда физикалық, тактикалық тұрғыдан мықты дайындықпен келген. Ойында гол саны да көп болды. Кәсіпқой футболшылар секілді өнер көрсеткен мекеме қызметкерлеріне әріптес жанкүйерлері риза болды. Бір сөзбен айтқанда, спорттық шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған.

Нәтижесінде үздік ойынымен аудандық емхана қызметкерлері сайыстың жеңімпазы атанып, өзгелерден оза шапты. Аудандық білім бөлімінің қызметкерлері ІІ орынмен үздіктер қатарынан көрінсе, Ақсу, М.Шәменов, Қаракеткен, Бұқарбай батыр ауылдарынан құралған «Тұлпар» командасы үштікті түйіндеді. Сондай-ақ сайыс қорытындысымен «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншы» номинациялары табысталды.

– №31 мектеп-гимназиясында дене шынықтыру пәні мұғалімімін. «Футболдан жарыс өтеді» дегеннен аудандық білім бөлімінің құрамасына ендім. Жалпы сайыс өте тартысты өтті. Қарсыластар да тыңғылықты дайындықпен келгені көрініп-ақ тұр. Біз 2 орын алдық, ақтық ойында есеп ашылмады. Қос команда айып добы арқылы өзара мықтыны анықтады, бізге сәл сәттілік жетіспей қалды. Әрине, мұндай сайыстар жиі өткенін құптаймыз. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, – дейді шабуылшы Бағлан Берікбай.

Спортты жанына серік еткен мекеме қызметкерлерінің финалдық ойынына аудан әкімі Ардақ Ибраимов куә болып, үздіктерді марапаттады. Барлық қатысушыға алғыс білдіріп, төл мерекемен құттықтады.

Тағы да оқыңыз: