Kyzylorda-news.kz.  Жақында Шаған ауылына барғанымызда ауылдағы ағайын Шаған ауылдық өнер мектебінің жүйелі жұмысы, оның ішінде қазақтың төл аспады – домбыраға үйір оқушылардың жетістігі жөнінде әңгімелеп берді. Қолға қалам алып, ауылдағы өнерлі өрендер жөнінде мақала жазуды жөн санадық.

Өнерге біртабан жақын шағандық оқушылардың домбыраға үйір болғанына бәріміз бек қуаныштымыз. Себебі, домбыра – қазақтың жаны, рухы, шежіресі мен тарихы ұштасқан қасиетті құндылығы. Ал Шаған ауылындағы Өнер мектебінің домбыра сыныбына қатысушы балаларға отыз жылға жуық еңбек өтілі бар ұстаз Нұргүл Жақсылық дәріс береді. Іргелі ұжымның басшысы Дархан Әлиевтің айтуынша, мектепке 135 оқушы келіп, ұстаздардан дәріс алады екен.

– Өнер мен білім – егіз ұғым. Оның тірегі – тәрбие. Осы үш ұғымды ұштастырған Шаған ауылдық өнер мектебі оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, өнерге баулу бағытында нақты жұмыстарды ат-қарып келеді. Қазір мектебімізде 135 оқушы білім алуда. Шәкірттеріміздің арасында аудан мен облысты бағындырып, республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып жүрген балалар көп. Олар – біздің мақтаныштарымыз. Болашағынан көп үміт күтеміз. Ата-аналарға балаларының бос уақытын тиімді жоспарлап, қосымша білім беру ұйымдарына қатыстыруға шақырамыз, – дейді Өнер мектебінің директоры Дархан Әлиев.

Бүгінде Шағандағы Өнер мектебінде талантты  өрендер баян, домбыра, қобыз, би, шертер пәні бойынша білім алуда. Бұл бойынша арнайы тақырыптық және атқарылатын іс-шаралар жоспары бекітілген. Балалар түске дейін немесе түстен кейін келіп, өздерінің икемдеріне сай білім алады. Біз бүгін домбыра сыныбына қатысушылар туралы жазамыз. Мұндағы домбыра пәнінің мұғалімі – Нұргүл Жақсылық. Жоғары білімді ұстаздың есімі бізге шыңға шыққан шәкірттерімен таныс. Ауылда негізі қаланып, бүгінде үл-кен белестерді бағындырып жүрген жастар Нұргүл Смағұлқызына өз ризашылықтарын білдіреді. Ұстаз мерейі, шәкірт жетістігі, үміттің ақталуы деген осы емес пе?!

– Шәкірт – ұстаздың мақтанышы, еңбегінің өтеуі, маңдай терінің жемісі. Менің оқуда озат, өнерде үздік шәкірттерім көп. Олардың әрбірі – мен үшін бір жұлдыз. Жарқыраған жұлдыздарым менің ғана емес, мекте-біміздің, ауылымыздың атын шығаруда. Өнер мектебінде білім алып, қазір үлкен қалаларда оқу оқып жүрген шәкірттерімнің әр белесі, жетістігі кейінгі жас буын үшін үлгі-өнеге, – дейді сонау 1995 жылдан бас¬тап осы мекемеде жемісті еңбек етіп келе жатқан ұстаз.

Шағандық өрендерді өнерге баулып, талабы мен талантын ұштап жүрген Нұргүл Жақсылық – осы ауылдың төл тумасы екен. Ол ауыл мектебін бітіргеннен кейін Қазанғап атындағы музыкалық колледжінде білім алған. 1995 жылы «Домбыра» мамандығын меңгеріп, сол жылы жұмысқа орналасқан. Кейін 2003-2008 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін «Бастауыш оқытудың педагогикалық әдістемесі» мамандығы бойынша үздікке тәмамдаған. Оқу мен ізденуге ешқашан кеш емес. Әр оқу жылы сайын білімін шыңдап, тәжірибесін толыстырып, өзге өңірлердегі әріптестерімен пікірлесуді жөн көретін ұстаз 2015-2017 жылдары «Болашақ» университетінде «Музыкалық білім» мамандығы бойынша екінші жоғары білімін алыпты. Алған білімі мен ізденісі текке кеткен жоқ. Бүгінде ұстаздың өзінің де, шәкірттерінің де жетістігі көп, үлкен-кішіден алған алғысы да мол.

– Өзім үйрете жүріп, үйренуді жөн көремін. Өмір – ұлы ұстаз дейтін болсақ, сол өмірдің әр сәті, әр күні алға жылжудан, іргелі басудан тұрғаны дұрыс. Оқушылардың домбыраны үйренуге ынтасы мол. Біздің мақсатымыз – сол ынталарын ояту. Бұған дейін халықаралық «Бозторғай» балалар байқауының бас жүлдегері атанған шәкірттерім бар. Олар бүгінде үлкен қалаларда білім алуда, алды еңбек етуде. Әлі есімде 2012 жылы аталған халықаралық байқауға барғанымызда біздің тобымызбен халқымыздың мақтанышы Бибігүл Төлегенова апай арнайы кездесіп, Сыр өңірінен барған өнерлі балаларға өзінің ақ батасын берген болатын. Сол бата бәрімізге құт болып дарыды, содан бері өнер байқауларында топ жарып келеміз, – дейді Нұргүл Смағұлқызы бізбен әңгімесінде.

Ұстаздың жетістіктерін парақтап отырып, 2017 жылы «Жеті өнер» бірінші халықаралық балалар мен жастар шығармашылық фестиваль-конкурсында «Үздік тәлімгер» аталымымен марапатталғаны көзімізге түсті. Бұл жолғы байқау Алматыда ұйымдастырылыпты. Шәкірттері бас жүлде мен бірінші орын алған соң ұстазға «Үздік тәлімгер» атағы беріліпті. Ал 2016 жылы Астана қаласындағы «Қаз медиа» орталығында өткізілген халықаралық байқауда «Ас¬паптық орындау және ән салу» номинациясы бойынша шағандық балалар тағы да үздіктер көшін бастапты. Бұл жолы шәкірттерді баптаған ұстаз «Үздік педагог» атанған. «Ақ көгершін» байқауынан алған алғыс хаттар, дипломдар және Құрмет грамотасы – осының дәлелі. Ең бастысы, бәрі еңбектің, ізденістің жемісі.

Ұстаздың сенімі мен үмітін ақтаған оқушылар көп екенін айтты. Олардың қатарында қазір Қазақ Ұлттық консерваториясының «Вокал» мамандығы бойынша 3 курс студенті Ернар Жанашов пен Қазақ Ұлттық консерваториясының «Домбыра» мамандығы бойынша 3 курс студенті Бибігүл Төлегенованың есімін ерекше атауға болады. Сондай-ақ биыл «Шабыт» өнер академиясының 1 курс аяқтап жатқан Әли Мейрамбекұлы мен Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің түлегі Айару Бағдатқызы да Нұргүл Смағұлқызының мақтаныштары. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлегі Темірлан Мүсілімов те өзінің ауылдағы Өнер мек-тебінің шәкірті болғанын әркез айтып, ұстаздарын құрмет тұтып жүреді. Жетістігі көп өнерлі өрендердің бірінен кейін бірін тізіп, жаза беруге болады. Бірақ одан мақала көлемі артып, мазмұны төмендейді. Сондықтан біз бүгінгі мақалаламызда санаулы ғана шәкіртке тоқталдық. Ең маңыздысы, олардың бәрі Нұргүл Жақсылық секілді ауылдағы ұстаз-дарын ұмытпай, еңбектерін жоғары бағалап, ауылға келсе, сәлем беріп, алыста жүрсе құттықтау жолдап жүреді. Қайбір жылы ұстаздар күні ме-рекесі мен білім күні қарсаңында шағандық шәкірттердің әлеуметтік желіде жариялаған бейнеқұттықтауларынан осыны аңғардық. Оқушылар-дың ұстазға деген құрметіне, шәкірт ретіндегі ықылас-пейіліне көзіміз сүй-сініп, көңіліміз толды.

Ал 2022-2023 оқу жылында Шаған ауылдық өнер мектебінің домбыра сыныбына қатысушылар жақсы-жақсы жетістіктерге қол жеткізген. Атап атқанда, 2022 жылы «Қазақстан үміті» VI республикалық шығармашылық конкурсына балалар белсене қатысыпты. Нәтижесінде, бірнеше аталым бойынша топ жарып, конкурстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, еліміздің ертеңі – жастардың рухани кемелденіп, рухы мықты, танымы мен тағылымы терең тұлға ретінде қалыптасуына жол ашқан ұстаздары Н.Смағұлқызы «Үздік жетекші» дипломымен, Құрмет грамотасымен марапатталған. Біз ма¬қаланы жазу барысында осы байқауды ұйымдастырушы әрі қазылар алқасының белді мүшесі Анаргүл Құсайынованың пікірін білдік. Мәдениет саласының үздігі өзінің пікірін қысқа әрі нұсқа білдірді. Ол «Шағандық балалар тек бас жүлде алады, олардың өнері өзгелерден көш ілгері» деп айтты. Бұдан асқан қандай баға керек?! Сырт көз – сыншы. Ал сыншылар осылай бағалап жатса, онда еңбектің ақталғаны, лайықты бағаланғаны ғой.

«Қазақстан үміті» VI республикалық шығармашылық конкурсында Мөлдір Маханова, Раушан Ерболатова бас жүлде иемденген. Ақерке Мүсілімова мен Айбар Ғайнуллаұлы жүлделі І орынды жеңіп алса, Асылхан Кеңес пен Санжар Мүсілімов ІІ орын тұғырынан көрінген. Осылайша, «Жеті өнер» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген байқаудан оқушылар олжалы оралған. Айта кету керек, А.Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен «Балалар жылына» орай өткізілген «Қазақстан үміті» VI республикалық шығармашылық конкурсы еліміздің оңтүстік өңірдегі ең ауқымды жоба екен. Оған республиканың түкпір-түкпірінен мыңнан астам талапкер қатысып, бақ сынап, тек мықтылары ғана марапат тұғырынан көрінген.

Домбыра сыныбының оқушылары жақында тағы да жақсы жетістікке жетті. Олар «Ұлы Дала жұлдызы» ІХ балалар мен жасөспірімдер өнер байқауынан 4 бас жүлде, 1 бірінші орын, 2 екінші орын иемденіп қайтты. Бұл жолы да Мөлдір Маханова, Раушан Ерболатова бас жүлдеге лайықты деп танылды. Сонымен қатар «Бауырлар» тобына біріккен Нұржігіт Сәрсен, Қадіржан Сәрсенов, Санжар Мүсілімов, Айсұлтан Бисен, Нұрәли Серекеев «Мен қазақпын» әнін орындап, байқаудың бас жүлдесін жеңіп алыпты. Ақерке Мүсілімова, Айбар Ғайнуллаұлы, Мөлдір Маханова, Раушан Ерболатовалар «Шырқа Шаған» квартеті болып, әуелете ән шырқап, бас жүлде иеленген. Мұның бәрі – айтуға оңай болғанымен, үлкен еңбекпен келген жетістік. Әр жетістіктің астарында ұстаздың еңбегі, маңдай тері, шәкірттерім шыңға шықса екен деген тілегі бар.

Озат оқушылардың ата-аналары өнерлі өрендердің ордасы саналған Шаған ауылдық өнер мектебінің ұжымына алғыс айтады. Мәселен, ардагер-ұстаз Қымбат Исақызы әр бала қосымша білім беру ұйымына қатысуы керек деп санайды.

– Әр бала мектептен тыс уақытта қосымша білім алуы қажет. Бұл – за-манның талабы. Өзіміздің үйдің балалары, немерелерім ауылдағы өнер мектебінде білім алды. Білім алып жүріп, сахнаға шығып, өнер көрсетті. Оның бәрі олардың өмірден өз орындарын табуына жол ашты. Сондықтан ұстаздарға айтар алғысым шексіз, жұмыстарына сәттілік тілеймін, – дейді Қымбат Исақызы.

Айта кету керек, Шаған ауылдық өнер мектебінің домбыра пәнінің мұғалімі Н.Жақсылық ауылдағы «Балбөбек» бөбекжай балабақшасында да жұмыс істейді. Ізденімпаз ұстаз бұл мекемеде де жемісті еңбек етіп, ауылдағы қоғамдық-саяси, рухани-мәдени іс-шараларға белсене қатысып келеді. Мәселен, балалар, жасөспірімдер мен жастарға арналған «Kings of dance» халықаралық би чемпионатында «Күншуақ» би тобы І орын иеленген. Нәтижесінде, ұйымдастырушылар тарапынан балабақша ұжымына Алғыс хат және Н.Жақсылыққа «Үздік ұстаз» дип-ломы табысталған. Осы жолғы байқауда Түркістан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің хореграфы Г.Еркінбекқызы шағандық балақайлардың талабын жоғары бағалап, болашақта тегін кеңес беруге, бірлесе еңбек етуге ынталы екенін білдіріпті. Мұның өзі – үлкен жетістік. Ал жетістіктің бәрі еңбекпен келеді. Ендеше, жұмысы өнімді, жетістігі көңілге қонымды және оқу жылын табысты қорытындылап жатқан ұстазға шығармашылық сәттілік тілейміз!

 

 

Тағы да оқыңыз: