Kyzylorda-news.kz. Жылдағы дәстүр бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдары өз жұмыстарын бастап, дән-дақылдарды егуге көңіл бөлуде. Осы күні 5 мыңға жуық халқы бар Шаған ауылының дихандары ырзық-несібесін жерден теруге барын салуда. Маңдайларын күн сүйген шағандықтар ертеректен Сыр саласын егуді басты назарларына алған. Аталған ауылдағы «Шаған-Жер» ЖШС-і биыл 3035 гектар күріш еккен. Сонымен бірге бидайды 293 гектар жерге, мақсарыны 180 гектар жерге орналастырған.
Бүгінде егістікті улау жұмыстары екі мезгілде жүзеге асуда. Шын мәнінде, тәжірибелі басшы Жеңісбек Сыздықов басқаратын ірі шаруашылықта 7 бригада бойынша 300-ге жуық қызметкер жұмыс жасайды. Әрбір қызметкер Сырдың басты дақылын баптауға ерік-жігерін танытады.
Білікті басшы, ауыл шаруашылығы саласының майталманы Қожабек Дәдікбаев осыдан бірнеше жыл бұрын Шаған ауылында күріш егудің негіз басым-бағыттарын қалыптастырды. Ең алдымен, біз ардақты ағаның ізгілік жолын жалғастыруға барымызды саламыз. Жыл сайын «Шаған-Жер» ЖШС-нің күрішшілері мол өнім алуға жан-жақты жұмыс көзін ойластыруда. Тынымсыз еңбектің нәтижесін күзде аңғарамыз. Ауылдағы ағайынның жағдайын жақсарту үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып келеміз. Өздеріңізге белгілі, ауыл орталығынан саудан орталығын аштық. Бүгінде жерігілікті халыққа 10-ға жуық сатушы қызмет көрсетеді. Сауда орталығындағы заттарымыз жұртшылыққа ең төменгі бағада сатылуда. Сондай-ақ, 5 адамды жұмыспен қамтыған наубайханада күніне 500 нан өндіріледі. Ал 150-200 дана тәтті тоқаштар көпшіліктің сұранысына ие. Айта кетейік, біз биыл техникаларымызды жаңартуға мүмкіндік алдық. Тозығы жеткен, ескі техниканың барлығын кезең-кезеңімен жаңалау жоспарда бар. Өз кезегінде макарон цехын ашуға күш салып жатырмыз. Алдағы уақытта жаңа кәсіп түрінің игілігін көрмекпіз, – дейді Жеңісбек Сыздықов.
Егін егумен қатар, айтулы серіктестік мал шаруашылығын дамытуды жолға қойды. Биыл шаруашылықта 298 төрт-түлік бар. Шын мәнінде, күніне сауынды сиырлар 80 мен 160 литр шамасында сүт өндіреді.