Kyzylorda-news.kz. Адамзат өміріндегі өзіндік ерекше орны бар салалардың бірі – Балық қоры. Облыс аумағында жыл сайын мыңдаған гектар инженерлік жүйеге келтірілген суармалы егістік алқаптарда дәнді дақылдардың бірнеше түрі егілетіні мәлім.
Осының салдарынан, Сырдария өзені суының көп бөлігі маусымдық егін науқаны мезгілінде ирригациялық (суландыру) жүйелеріне жіберіліп, жыл сайын миллиондаған балық шабақтары егістік алқаптарға өтіп, сол аймақта өсіп өнеді.
Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Н.Болаттың айтуынша жаз аяғында су жүйелерін жабу кезінде балық шабақтары бөлектенген суларда қалып, ол жерлердегі балық шабақтарының қырылу қаупінің туындауы мүмкін.
«Осы аталған жағдайларға байланысты балық шабақтарының қырылу қаупінің алдын алу мақсатында Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қадағалауымен облыс көлеміндегі күріштік алқаптарда қалып қойған балық шабақтарын құтқару акциясы ұйымдастырылып келеді. Мұндай игі шара биыл да жалғасын тауып, сусыз тіршілік ете алмайтын балық шабақтарын облыс көлеміндегі Сырдария өзені мен сол маңға жақын балық шаруашылығына маңызы бар су айдындары мен учаскелеріне жіберіледі.
Биылғы жылға облыс аумағындағы күріштік алқаптарда қалған балық шабақтарын құтқару жұмыстарының іс-шаралар жоспары Қызылорда облысы әкімдігімен бекітіліп, тамыз айынан қазан айына дейінгі аралықта балық шабақтарын құтқару айлағы жарияланды. Бүгінгі күнге облыс бойынша 1 млнға жуық балық шабақтары құтқарылды», — дейді Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Н.Болат.
Су объектілерін балық шаруашылық мелиорациялау жөніндегі жұмыстарының бірі – ол балықтың қырылу қаупі бар және бөлшектенген су айдындарынан балықтар мен олардың шабақтарын қорғау, құтқару.
Бұл «міндет емес, адамзаттың бір борышы» деп қараған дұрыс болар. Себебі, шабақ та табиғат байлығының бірі.
Жыл сайын жасалынып жатқан игі іс – Сыр балығына деген қамқорлық. Бұл табиғат сыйлаған тіршілік иесін құтқару әрбір азамат алдындағы үлкен жауапкершілік болуы тиіс.