Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданындағы «Сәрке Батыр» ЖШС ұжымы былтыр жылды толайым табыспен қорытындылады. Қазір серіктестік ұжымы көктемгі науқан жұмыстарына дайындық қамымыен жүр. Қырмандағы жүріп жатқан қызу жұмыс биыл да егін шаруасының ширайтынынан хабар беріп тұрғандай. Яғни дала дарабоздары биыл да саланы оң нәтижемен қорытындылайтын сыңайлы.

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаев егінші жастарға «Егінді өсіре білуің – ең алғашқы асуды алуың, ал өнімді ысырапсыз жинап алуың – халыққа тартқан асылың» деп бекер айтпаған. Қырманға келген бойда білек сыбана жұмысқа кіріскен «Сәрке батыр» шаруа қожалығы жұмысшыларының заманауи аппарат арқылы жоңышқадан тұқым дайындап жатқанын байқадық. Егіншілер былтыр өнім мол болғанын айтады. 

Шаруа адамдарының жұмысын жеңілдетер басты құралы заманауи техника екені даусыз. Себебі адам шамасы жетпейтін жұмыстардың біразын арнайы аппараттардың көмегімен еңсереді. Бұл шаруа қожалықта  күріш тазалайтын заманауи аппараттар да баршылық. Былтыр егін орағына 3 класс комбайн, күріш тұқымдарын жинауға 2 «Макдон» жаткасы және 2 «Енисей» жаткасы, 1 «Енисей», сонымен қатар 3 ХТЗ тракторы жұмылдырылған. Олар күніне 90-95 тонна тұқым дайындауға қауһарлы екен. Канадалық алып аппаратты алғалы мұндағы өнімге сұраныс артып, шаруашылық шаруасының ширауына айтарлықтай қолғабыс болған. 

«Сәрке батыр» шаруа қожалығы биыл 950 гектар алқапқа «Лидер» сұрыпынегуге ниетті екен. Сонымен қатар 400 гектарға жуық жоңышқа, бірнеше гектар бидай өнімі егіледі екен. Шаруашылықтың өнімдері қашанда халықтың сұранысында.

Бас аграном әңгімеге тартып, былтырғы өнімнің шығымы жайында бірқатар сауал жолдадық. Ол өткен жылы аяқ су мәселесі шаруаларға айтарлықтай қиындық тудырғанын айтады. Десе де дала дарабоздары оның да бір амалын тапқан сияқты. Бұл сөзімізді олардың өткен жылды толайым табыспен қорытындылағаны қуаттайды. 

– Былтыр жер ылғал болғандықтан бастапқы кезде шаруашылық жұмыстарымен айналысу қиын болды. Сонымен қатар күріш кеш пісіп, межелеген уақыттан кешігіңкіредік. Алайда күріштен алатын орташа өнім жоғары болып отыр. Нақтырақ айтсам, былтыр орташа өнім 55 центнерді құрады. Биыл да межелі өнімге қол жеткізбесек, одан төмен астық жинамайтын сияқтымыз. Әрине соңғы жылдары су тапшылығы шаруалардың біразын титықтатқаны анық, бірақ біз де қол қусырып отырмай, бұл мәселемен біршама күрестік. Енді көктемгі науқан жұмыстарын абыроймен аяқтап, биылғы жылдың да жоспарлы жұмысына қадам басып отырмыз. Бастысы, еткен еңбек далаға кеткен жоқ, соған шүкір дейміз, – дейді «Сәрке батыр» ЖШС бас аграномы. 

Шаруашылық бүгінде 120-ға жуық ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Былтыр күніне 3 мың центнерден аса астық түсірген 4 өндіріс бригадасы бұйырса, биыл да науқанды оң нәтижемен қорытындыламақ. Шаруа қожалығындағы жұмысшылардың да еңбегі зор. Өз басым осылай  ерінбей еңбек етіп, адал маңдай термен тірлік етіп жүрген жандардың бәрін де еңбек адамы деп білемін. Күнкөрістің қамын жасап, тіршіліктің күйбеңінен қолы босамайтын еңбекқор жандарға деген қоғамның құрметі де ерекше болары сөзсіз. 

Былтыр шаруашылықта техникадан мәселе болмаған. Себебі шаруашылық базасы толық заманауи соңғы үлгідегі техникалармен жарақталған. Ал мұның еңбек өнімділігіне де оң әсері болатыны айтпаса да белгілі. 

Айта берсек, шаруашылықта тың жаңалықтар жетерлік. Қуантарлығы, оның барлығы еңбек өнімділігіне, өнім сапасына айтарлықтай оң әсер еткен. Аяқ су мәселесі күрделенген шақта күріштен мол өнім алу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Бізді осы мақсатқа нәтижелі еңбек еткен дала дарабоздарының қолға алған жобалары қызықтырды.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: