Kyzylorda-news.kz Өткен аптада Жалағаш ауданына қарасты Жалағаш кенті және ауылдық округтерінде жаппай сенбілік шаралары ұйымдастырылды. Сенбілік жұмыстарына аудан бойынша меншік нысанына қарамастан барлық 125 мекемеден 1150-ге жуық адам қатысып, 16 дана техника жұмылдырылды.

Әр апта сайын жаппай сенбілік ұйымдастыру – аудандағы тазалықты сақтап қана қоймайды, адам денсаулығына, таза ауа жұтуға да өз септігін тигізеді. Жастардың да қалауы таза Жалағаш болғандықтан, сенбілікке шығатын ерікті жастар да жетерлік.  

– Сенбілік – бұл ұжымдық рухты, бірегейлікті, ауызбіршілікті көрсететін керемет шара. Ауданда әр аптада жаппай тазалық жұмыстары жүргізіліп тұрады. Әр тұрғын бір адамдай атсалысуда. Осының арқасында болар, ауданымыздың әр көшесі едәуір таза. Бүгін сенбілікке шығып, талдарды әктеп, айналаны сыпырып, қоқыстарды жинап жатырмыз. Әр адам сенбілікке кішкене де болса атсалысып, үлесін қосса, тазалыққа деген жауапкершілігі де арта түседі. Жанға рахат, көңілге шаттық сыйлайтын тазалық шараларына алдағы уақытта да аудан тұрғындары белсене қатысса, нұр үстіне нұр болар еді, – деді әр сенбілікте белсенділік танытатын Болат Аққасынов.

Рас, тазалық әр адамның өзінен басталуы тиіс. Өз ауласын тазартып, абаттандыруға көңіл бөлсе ауаны да тазартып, ауданды да көркейтуде үлес қосар еді. «Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Тазалықты жанына серік еткен кент тұрғындары сенбілікте жабайы шөптерді шауып, қураған талдарды кесіп, аяқ су жүретін арықтарды тазартты. Сонымен қатар, аудан бойынша мекемелер мен аллеялардың сыртқы қоршауларын, орындықтарын сырлау, талдар мен бордюрларды әктеу, парктер мен аллеяларды тазалау жұмыстары жүргізілді. Жалпы 18 тоннаға жуық күл-қоқыстар жиналып, белгіленген орындарға шығарылды. Жиналған қоқыстарды шығаруға Жалағаш кенті және ауылдық округтер бойынша шаруа қожалықтардың техникалары жұмылдырылды. Айта кету керек, аймақта мұндай тазалық жұмыстары көп жылдар бойы тұрақты түрде жүргізіледі.

– Қазір тазалықты сақтауда бәріміз бір кісідей араласып жатқанымыз рас. Бірақ өкініштісі сол еңбекпен жиналған көшелерден бос, иесіз жүрген жануарларды көреміз. Оларды жайылымға қараусыз жібереді. Иә, төрт түлікті асырау қанымызға сіңген шаруашылықтың түрі екені белгілі. Алайда иесіне тапсырып, жайылымдарға тура баруын қадағалау қажет. Себебі жануарларды бос жіберу  кент тазалығына немқұрайлық таныту болып табылады. Жануарлар қараусыз жүргеннен кейін аллеяларда, парктерде, тіпті орталық алаңға да кіріп, тазаланған орындарды бүлдіріп кетеді. Халық болып тазартқан ауламыз қайта бүлініп, шашылып қалмаса екен деймін. Әр адам тазалықты сақтауды, аудан жағдайын жақсартуды өз міндеті, парызы етіп алу қажет. Сонда мұндай жағдай болмас еді, – дейді Алтынай Омарова.

Расында «адамның жануардан басты айырмашылығы санасында» демекші, қараусыз жүрген жануарлар оны түсінбесе де, иелері түсінуі қажет. Мәселен, сиыр, ешкілердің көзіміз көріп жүрген қоқыс салатын жәшіктерді төңкеруі, шөптерді шашып, өсіп тұрған ағаштарды бүлдіруі жалпы көше бойын ластауы сынды жағдайлар біріншіден, табиғат ластайды, екіншіден, кенттің таза тұруына кедергі келтіреді. 

Бауыржан атамыз «тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел – құл болмайды» демей ме? Әр адам осы тәртіпті өзінен, отбасынан бастаса бәрі ойдағыдай болады, аудан да көркеюіне қосқан үлесі болар. Тұрған жеріміздің тазалығына, келбетінің көркеюіне атсалысу – әрбір тұрғынның міндеті. Тазалық ұғымы қоқыстарды жинаған жерде емес, шашпаған жерде қалыптасады. Сондықтан керексіз затты қоқыс жәшігіне емес, жерге тастар алдын  ойланайық! 

Тағы да оқыңыз: