Kyzylorda-news.kz Кеңестік кезеңнің қылышынан қан тамып тұрған тұста елдегі бай-бағыландар мен шаруа адамдардың күйі тайып, қуғынға ұшырағанын тарих айғақтайды. Сондай нәубет жылдардың мехнатын тартқандар Арал маңында да аз болмаған. Күні кеше ел-жұрты есіне алған, қойнауы құт Сазды өңірінен атына мешіт ашылған Байдәулетұлы Жұбай да сол советтік сергелдеңді көзімен көрген, зардабын сезген жан еді. Саздыда 1883 жылы дүниеге келіп, осы өңірде өмір кешкен қарапайым еңбек адамын бүгінде жұртшылық құрығына құт қонған, адал еңбегімен абыройға бөленген атақты жылқышы ретінде таниды. Өткен аптада сол бір киелі өңірдің төрінде үлкен ауқымда ас беру рәсімі өтті. Сазды төрінен Жұбай ата мешіті жаңадан ашылып, баба ұрпақтары арнайылап ат шаптырып, алыс-жақыннан келген ағайынның ақ жарма тілегі мен батасын алды. 

Саздыдағы ауқымды шараға аудан әкімі А.Оңғарбаев бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері барып, мерейлі сәттің куәсі болып, жаңадан ашылған мешіттің лентасын қию рәсіміне қатысты. Мұнан соң мәртебелі меймандар Сазды төріндегі дүбірлі думанның куәсі болды. Дәстүрге сай 14-15 маусым күндері аралығында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен, Сазды ауылында ұлттық спорт түрлерінен (гір спорты, қол күрес, қой көтеру, теңге ілу, аударыспақ) жарыстар ұйымдастырылып, жарысқа жалпы саны 80-нен астам спортшы қатысып, жүлдеге тігілген құнды сыйлықтарды олжалады. 

Айталық гір тасын көтеру спортынан аралдық Бексұлтан, қол күрсінен қазалылық Әділет, қой көтеруден қазалылық Ілияс, теңге ілуден Ырғыздан келген Берік есімді азаматтар жүлделі І орын тұғырынан көрінді. Сондай-ақ ауданда алғаш өткізілген аударыспақ жарысынан 75 келі салмаққа дейінгі жарыста ырғыздық Берік қарсылас шыдатпаса, 75 келі салмақтан жоғары дәрежедегі жігіттер арасындағы аударыспақта Ырғыздан келген Әділжан есімді азамат І орын еншіледі. Ұлттық спорттың бұл түрінен жүлдеге ілігіп, қанжыға майлаған жігіттер өзара 2 және 3 орындарды бөлісті. Мұнан соң қазақтың делебесін қоздырар ұлттық ат бәйгелері ұйымдастырылды. Қазақы тай, Арғымақ тай, құнан, тоқ және аламан бәйгелері өтіп, бұл додада жалпы саны 182 ат жарыс жолына шықты. Бәйгенің басты жарысы аламанда Жамбылдан келген «Сарарқа» атты сәйгүлік мәреге бірінші келді. Осылайша бәйгенің бас жүлдесіне тігілген «Нива» автокөлігі Жамбылға бұйырды. 

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне асты ұйымдастырушы Елеусізұлы Қожабай ұрпақтарының атынан ақшалай сыйлықтар мен бағалы дүниелер табысталды. Бірнеше күнге созылған Сазды төріндегі торқалы той үлкен ауқымдағы гала концертпен түйінделді. 

Тағы да оқыңыз: