Kyzylorda-news.kz Бүгінде Жалағаш ауданы өмірін өнерге, музыка әлеміне арнаған талантты жастардан кенде емес. Олар мәдениет саласының дамуына сүбелі үлес қосып, жиған тәжірибесі мен білген-түйгенін жас буынға үйретіп, шәкірт тәрбиелеуде. Сондай өнерлі жастың бірі, саналы ғұмырын сахна төріне арнаған сазды әуеннің саңлағы Расул Байдулланың шығармашылығын бүгінгі мақаламызға арқау етпекпіз.
Бала күнінен ән салуды армандаған кейіпкеріміз түрлі өнер фестивалінде І дәрежелі лауреат атанған. Мәселен, республикалық «Ұлы дала ұрпақтарымыз» атты ән байқауынан бас жүлде, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған халықаралық өнер фестивалінде де бас жүлде иеленген. Мұнан бөлек, Ресейдің Москва қаласында онлайн өткен Халықаралық «Ритм Вдохновения» эстрадалық ән салу жанры бойынша І дәрежелі лауреат, Америка Құрама штаттарының Техас штатында өткен «International multigenre competition – Festival» поп вокал жанры бойынша І дәрежелі лауреат атанған. Республикалық «Дала сазы» байқауынан бас жүлдені, «Бақытты елдің ұрпағы» атты Халықаралық байқаудан ІІ орынды иеленсе, «Бақытты елдің ұрпағы» атты байқаудан І орынды иеленген.
Музыка әлемінде әуезді дыбысымен ерекшеленіп тұратын аспаптар көп. Солардың бірі – саксофон. Сиқырлы саксофонның тарихына тоқталсақ, бельгиялық шебер Адольф Сакс 1842 жылы жаңа үрмелі аспапты жасап, 1846 жылы авторлық құқығын алған.Үрмелі аспап шебердің құрметіне «Саксофон» деп аталды. Көптеген клапандары мен кларнетке тән мундштугы бар саксофонның альт, тенор, сопрано, баритон түрлері белгілі. Сакс оның түпнұсқасын Дефонтенель және басқа да кларнетті аспаптардан алған. Мыс, никель және мырыш, латунь немесе күміс қоспаларынан құйылғандықтан оның тембрі кларнет, гобой және виолончельдің қосылып шығарған үніндей жұмсақ естіледі.
8 сыныбынан бастап осы аспапқа қызыққан кейіпкеріміз Қазанғап атындағы музыкалық колледждегі ұстазынан 1 жыл бойы аспаптың қыр-сырын үйреніп, кейін аталған оқу орынның үрлемелі соқпалы аспаптар бөліміндегі саксофон аспабына оқуға түскен.
– Біз оқуға түскен жылы тобымызда 16 студент болды. Соның тек 5-еуі ғана оқуды аяқтап, қазіргі таңда саксофонды жанына серік етіп жүр. Аспапты меңгеру қиын болып көрінгенімен, әуенді жан-дүниесімен сезіне білетін, есту, түйсіну қабілеті жоғары, әуезді әнге ғашық жандар саксофонды тез-ақ үйреніп алады. Әнді бала күнімнен бері айтып, мектеп қабырғасында талай жетістікке қол жеткіздім. Сондықтан да оқуға түсер кезде ән айтудан бөлек осы аспапты меңгерейін деген оймен оқуға түскен болатынмын, – дейді Расул Байдулла.
Иә, саксофонның өзіне тән ерекшелігі бар. Оның ойнақы әуені тыңдарманын елітіп әкетеді. Сырлы сазды дыбысын естісеңіз, көңіліңіз көтеріліп, ерекше күйге бөленесіз.
Саксафоншы жігіттің шығармашылық қоржынын да қазақ әуендерінен бөлек, әлемдік танымал әуендер де бар. Cахнада саксофонды бірде сызылта үрлеп, бірде ойнақы әуенімен тыңдарманын елітіп әкететін ол бүгінге дейін осы салада 3 шәкірт тәрбиелеген. Шәкірттерінің үшеуі де ұстаз жолын жалғап, Қазанғап атындағы музыкалық колледжге оқуға түскен.
Қазіргі таңда Айдос Алмас есімді шәкірті Астанада әскери оркестрде қызмет етсе, Қосым Нұрдәулет аталған оқу орнында гобой аспабын бітіріп, сол салада жұмыс жасайды. Ал үшінші шәкірті Данияр Есқали денсаулығына байланысты кейін Болашақ университетіне ауысқан.
Саксофон тек әсем әуен шығарып қана қоймай, адам жанын жадыратып, керемет сезімге бөлейтін сиқырға ие. Сырлы саксофонның әуезді әндерімен көпшіліктің құлақ құрышын қандырып жүрген Расул қазіргі таңда аудандық «Руханият» орталығында мәдени ұйымдастырушы болып қызмет етеді.
Өткен аптада кейіпкеріміздің жетекшілігімен ауданда саксофон үйірмесі ашылды. Үйренем дейтін жастар үшін үйірменің есігі аптаның сәрсенбі және жұма күндері ашық. Осы аспаппен ән салып, ерекше тартымдылық қасиетімен елдің назарын өзіне аударып, бүгінде халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген жас әншінің мақсаты биік. Ол жастардың өнерге деген құлшынысын оятып, шығармашылығын шыңдауда қажырлы еңбек ете беретінін жасырмады. Ал біз өнердің өрлеуіне тілектестік таныттық...
