Kyzylorda-news.kz  Салық жүйесі – мемлекеттің қаржылық қуатының басты тірегі һәм негізгі кіріс көзі. Сол арқылы мемлекет өзінің көптеген қоғамдық-әлеуметтік, саяси-экономикалық мәселелерін шешіп, азаматтарына жағдай жасап, тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Осы мақсатта әр аймақ, әр аудан салық базасын ұлғайту шараларын үздіксіз ұйымдастыруға күш салатыны анық. Ал біздің ауданда бұл бағыттағы ахуал қандай? Жаңақорған аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Қалдыбек Мырзанұлы Мұсаевпен  жолығып, сұқбаттасқан едік.

– Негізінде әр мамандықтың, әр кәсіптің өзіндік ерекшеліктері болады. Салық қызметі де сондай. Әңгіме басын осы желіден өрбітсек.

– Салық қызметі – маңызды мемлекеттік құрылымдардың бірі болып табылады. Елдің қаржылық ахуалының тұрақтылығы ең алдымен осы саланың жемісті қызмет етуіне қатысты. Ал біздің жұмысымыздағы басты көрсеткіш бюджетке түсім болып саналады.
Салық төлеу – мемлекеттің әлеуметтік құрылымына қосылған үлес. Бұл дегеніміз біз үшін маңызды саналатын мектептер, ауруханалар, балалар бақшалары, басқа да құрылыстар. Біздің көрікті көшелеріміз, жақсы демалыс орындарымыз болуы да салыққа қатысты. Ендеше әрбір салық төлеуші өз міндетін кең ауқымда ойланса дұрыс болар еді.

– Сонымен биылғы 1 тоқсанның қорытындысы қалай? 

– Жаңақорған ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасымен үстіміздегі жылдың 1 тоқсанына мемлекеттік бюджет жоспары 21 156 876,0 мың теңге, түскен түсім – 20 650 375,4 мың теңге болып, жоспар 97,6 пайызға, яғни бекітілген болжам 506 500,6 мың теңгеге кем орындалды. Ал, былтырғы жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда 126,2 пайыз немесе 4 284 318,8 мың теңгеге артып орындалып отыр. Жергілікті бюджетке  2 109 031,6 мың теңге түсім түсіп, 201,7 пайызға орындалды немесе 1 063 376,6 мың теңгеге артық түсті. Өткен жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда өсу қарқыны 119,6 пайыз немесе 345 310,7 теңгеге артық орындалды. Аудандық бюджетке 1 368 759,3 мың теңге түсіп, 133,9 пайызға орындалды яғни 346 874,3 мың теңге түсім артық түсті. Өткен жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда өсу қарқыны 122,9 пайыз немесе 255 363,8 мың теңгеге артық орындалды. Жыл қорытындысымен болжамның толық және сапалы орындалуына жұмыс жасалуда.

– 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда бизнесті тексеруге мораторий жойылды. Міне, 3 ай өте шықты. Қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында жалпы шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері бойынша 745 заңды тұлға, 5554 дара кәсіпкер және 1021 шаруа қожалығы тіркеу есебінде тұр. Шыны керек, қазір аудан көлемінде заңсыз сауда, яғни салық төлеуден жалтарып, кірістер басқармасына тіркелмейтіндер көп. Көлеңкелі экономиканың тежеу жолы бірінші салық органына тіркелмей жұмыс жасайтын тұлғаларды тіркетіп тиісті салығын төлету. 2023 жылдан бастап кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторий алынып тасталған. Сонымен қатар айналым сомасынан, яғни табысынан төленетін салықты төлеу міндеттелген. Алайда 2023 жылдың қорытындысымен тапсырған салық есептілігі бойынша 5301 салық төлеушінің 1640 салық төлеушісі салық есептілігін тапсырмағаны анықталып отыр. Осыған байланысты Жаңақорған ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы 1640 салық төлеушіге бұзушылықты қалпына келтіру үшін хабарлама шығарылды. Хабарламаны орындамаған жағдайда банкілік есеп шоты жабылып тиісті шарасы қарастырылады. Содай-ақ, 630 салық төлеуші салық есептілігін 0-мен тапсырганы анықталып аталған салық төлеушілермен жұмыстар жасалуда. Камералдық бақылау жұмыстар нәтижесінде 37 салық төлеушіге 56 797,2 мың теңге бұзушылықты қалпына келтіру үшін хабарлама шығарылып, оның республикалық бюджеттен 13 салық төлеушіден 28 284,6 мың теңге, жергілгілікті бюджеттен 4 салық төлеушіден 1 103,3 мың теңге қосымша салық өндірілді. 
Басқармамен дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген тұлғаларға тексеру жүргізілуде. 2024 жылы 5 тұлға анықталып шара көруге сотқа жолданды. Өздеріңізге белгілі қазіргі таңда ауданда сауда орындары көптен салынуда. Алайда кәсіпкерлік мақсаттағы мүлік салығын төлеуге асығар емес. Осыған байланысты барлық ғимараттардың есебі уәкілетті орган алынып түгелдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұзушылық анықталған жағдайда хабарлама шығарылып банкі есеп шоты жабылатын болады.
Сондай ақ тексеруге маратория аяқталғанымен барлық кәсіпкерлерге тексеру жүргізіле бермейді. Тек тәуекелі жоғары салық төлеушілерге, яғни мерзімінде салық есептілігін тапсырмаған, хабарламаны орындамаған, карызын уақтылы төлемеген салық төлеушілерге ғана тексеру жүргізілуі мүмкін. Сонымен қатар ірі сауда орындарының тарсырған Салық есептілігіне талдау жүргізіліп табысын аз көрсеткен жағдайда хронометраждық тексеру жүргізіледі.

– Елімізде жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бірінші кезең 2021 жылдың 1 қаңтарында басталды, екінші кезең – 2023 жылы 1 қаңтарда, үшінші кезең – 2024 жылы 1 қаңтарда және төртінші кезең – 2025 жылдан бастап енгізілді. Жалпыға бірдей декларациялау төңіргінде қарапайым халыққа заңдылық жолдарын түсіндіре кетсеңіз?

– Декларациялаудың түп-төркініне үңілсек, бұл – мемлекеттік салық саясатын дұрыс жүргізуге, «көлеңкелі» экономикамен күресуге, жемқорлықтың жолын кесуге ықпал ететін ұтымды тәсіл. Егер әділ жүргізілсе, декларациялау – ел қазынасына қомақты қаржы түсіретін тиімді жүйе. Бірінші кезеңде кіріс декларациясын жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары тапсырады, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттігі бар адамдар және олардың жұбайлары, мемлекеттік функцияларды орындау уәкілеттігі бар адамдарға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» ҚР Заңдарына сәйкес декларация тапсыру міндеті жүктелген адамдар тапсырады. Екінші кезеңде – 2023 жылы барлық квазимемлекеттік сектор тартылады. Барлық мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен олардың өмірлік жолдастары және ұлттық компаниялардың қызметкерлері декларация тапсыруға міндетті болады. 2023 жылдан бастап – мұғалімдер мен медбикелер де декларация тапсырады, өйткені олар мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, ал мектептер мен ауруханалар – мемлекеттік мекемелер болып саналады. Ал квазимемлекеттік секторлар дегеніміз – мемлекеттің қатысу үлесі бар барлық компаниялар мен холдингтер.  Декларацияны барлық кәмелетке толған тұлғалар, Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар, тұруға ықтиярхаты бар адамдар, Қазақстан Республикасының резиденті болып саналатын шетелдік азаматтар немесе азаматтығы жоқ адамдар ұсынады. Сонымен бірге резидент емес шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдардың ҚР аумағында тіркелген мүлкі немесе ҚР аумағындағы тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі болса – яғни, біздің елімізде қандай да бір мүлкі бар адамдар да декларация тапсыруы тиіс. Егер кәмелетке толмаған қазақстандықтың меншік құқығында Қазақстан Республикасынан тыс жерде мүлкі тіркелсе, Қазақстанда да, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде де үлестік қатысу шартымен жылжымайтын мүлік құрылысында үлесі болса, шетел банктеріндегі банк шоттарында 1000 АЕК жоғары сомада ақша болса және нотариалды куәландырылған дебиторлық кредиторлық берешек болса – декларация тапсыруы тиіс. Олар үшін заңды өкілдері – ата-аналар немесе қамқоршылар өкілдік етеді.

– Қарапайым халық үшін көлік мәселесі өзекті. Көлік құралдарына салынатын салық – мемлекет пен көлік құралдары арасындағы экономикалық қатынасты реттейтін негізгі тірек деуге болады. Егер көпшілік арасында осы уақытта мүмкіндігі болмай, төлей алмаса мемлекет алдында қарыз болып қалмас үшін не істеу керек? Қарапайым халыққа көмек болсын, бұл тығырықтан шығатын жолды айтып берсеңіз?

– ҚР 2017 жылғы 25 желтоқсандағы №120- VI «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (әрі қарай-Салық кодексі)» кодексінің 494 бабының 4 бөлігіне сәйкес, Жеке тұлғалардың салық төлеуі тұрғылықты жері бойынша бюджетке есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірілмей жүргізіледі. Ең бірінші қанша салық салық төлейтініңізді анықтап алыңыз. Айта кетейік, салықты бір жылға емес, көлік сатып алғаннан бері нақты уақытқа төлейсіз. Мысалы: 2022 жылдың шілде айында автокөлік сатып алсаңыз 6 айға төлейсіз. Оған дейінгі салықты сізге сатқан адам төлеуі керек. Яғни салық қарызы сіз сатып алған кезде сізге берілмейді. Егер жыл басынан бері меншігіңізде болса, онда бір жылға төлем жасауыңыз керек. Қанша салық төлейтініңізді білу үшін Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz сайтынан және е-Salyg Azamat мобильді қосымшасынан калькулятор арқылы есептеп білсеңіз болады немесе Мемлекеттік кірістер басқармасынан білуге болады. Халыққа айтарым, мүмкіндігінше уақытында төленгені дұрыс. Дер кезінде төлесе ешқандай өсім қосылмай, есептелген қаражатты ғана береді.

– Барлық көліктің салығы бірдей ме?

– Маркасы бірдей көліктің барлығының салығы бірдей емес. 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін 3 000 куб см жоғары Қазақстанда өндірілген (құрастырылған, жасалған) немесе ҚР аумағына әкелінген жеңіл автокөліктердің салығы жоғарылаған. Сондықтан көлемі жоғары жаңа автокөліктердің салығы ескі көліктерге қарағанда көтеріңкі.

– «Бұл өмірде екі-ақ нәрседен құтыла алмайсың, ол – өлім мен салық». АҚШ реформаторларының бірі Бенджамин Франклиннің осы сөзі салықтың маңызын айқындап, америкалықтардың арасында салықтық мәдениеттің қалыптасуына жол ашқан деседі. Өкінішке қарай, біздің салыққа келгенде салғырттық танытатынымыз рас. Айтыңызшы, салықты кімдерге төлемеуге болады?

– Салық кодексінің 490 бабының 3 бөлігіне сәйкес, көлік құралдар салығынан босатылған, жеңілдік қарастырылған тұлғалар бар. Атап айтсам, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСРО ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдар, Кеңес Одағының батырлары мен Социалистiк Еңбек ерлерi, «Халық қаhарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған, үшінші дәрежелі Даңқ орденiмен және «Отан» орденiмен наградталған адамдар, «Батыр ана» атағына ие болған немесе «Алтын алқа» не «Күмiс алқамен» наградталған көп балалы аналар, мүгедектер – салық салу объектiсi болып табылатын бiр автокөлiк құралы бойынша салықтық кезең ішінде бiр автокөлiк құралы бойынша (қозғалтқышының көлемі 4000 текше сантиметрден асатын, оған қатысты 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін уәкілетті мемлекеттік органда көлік құралының меншік иесінің ауысуына байланысты тіркеу әрекеттері жүргізілген жеңіл автомобильден басқа) қолданылады.

– Салықты қайда төлесе болады?

– Кез-келген екінші деңгейдегі банктердің сервистері немесе интернет-банкинг арқылы, «Қазпошта» бөлімшелерінде, е-Salyg Azamat мобильді қосымшасы арқылы төлеуге болады. Бүл үшін көліктің VIN-коды мен иесінің ЖСН білуі керек.

 

 

Тағы да оқыңыз: