Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданындағы бәсі биік білім ордаларының Темірбек Жүргенов ауылындағы орта мектеп. Өйткені бұл мектептің педагогтары жан-жақты, бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеуде көпке үлгі болып жүр. Ауылдағы Әбдікәрім Оңалбаев атындағы №117 орта мектепті 2014 жылдан бері 12 оқушы алтын белгіге тәмамдапты. Бұл өте жоғары көрсеткіш деп ойлаймын. Аз ғана халқы бар ауылда осыншама үздік жастарды оқытып тәрбиелеу ұзтаздар тарапынан үлкен еңбекті талап ететіні белгілі. 

«Мен математика-география пәндерін таңдап отырмын. «Менедж-мент» мамандығына оқуға түскім келеді. Жалпы, дайындығыма көңілім толады. Өйткені ұстаздарым алдағы білім сынағына еш уайымсыз дайын-далуыма барлық жағдайды жасады. Таң атқаннан кеш батқанға дейін мек-тептеміз. Уақыт таяған сайын, дайындықты да күшейтудеміз. Ұстаздарыма алғыс айтамын, сабақтан тыс уақыттарын бізге бөліп, әрқашан біздің тілеуімізді тілеп жүреді. Әрине сол еңбекті ақтауға барымызды саламыз», – дейді мектеп түлегі Әлихан Бакида.

Былтырғы оқу жылында мектеп түлектері ҰБТ-дан орташа 85 баллды көрсетсе, биыл да түлектердің беталысы жаман емес көрінеді. Биыл бітіруші 15 түлек те ҰБТ-ға қатысуға ниетті. Бұл мектеп ұжымының түлектерге деген жоғары сенімін білдіреді. Қаңтар айындағы алдын ала дайындық тестінен түлектер орташа 90-93 баллды жинаған. Мектептен «Алтын белгіге» 1 оқушы, ал «Үздік аттестатқа» 3 оқушы ұсынылып отыр. «Алтын белгіге» үміткер Әлихан Бакида да дайындық сынақтан 100-ден жоғары балл жинап жүргенін айтады.

Әлихан барлық пәннен үздік бағаға оқиды. Одан бөлек олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларына қатысып, мектептің қоғамдық өміріне де белсене араласады. Мәселен, жақында география пәнінен аудандық олимпиадада жүлделі 3 орынды иеленіп, мектеп абыройын бір көтеріп тас-тапты. Сондай-ақ Гүлдана Жанат, Жаннұр Күмісбай, Ақдана Бахид сынды оқушылар

– «Үздік аттестатқа» үміткер. Қуантарлығы, былтырғы түлек-тердің  барлығы жоғары оқу орнына грантқа түсіп, бүгінде еліміздің беделді университеттерінде жоғары білім алуда. 

Иә, №117 орта мектеп – аудандағы алдыңғы қатарлы білім ошақ-тарының бірі. Мектептің тарихы өткен ғасырдың жиырмасыншы жыл-дарынан бастау алады. Содан бері бұл мектепті білім беру саласына еңбегі сіңген педагогтар басқарды және білікті мұғалімдер ұстаздық етіп, бірнеше буын білімді шәкірт тәрбиелеп шығарды. 1987 жылы қазіргі екі қабатты оқу ғимараты пайдалануға берілді. Мектепке 1992 жылы 15 мамырда ҚР Министрлер кабинетінің №527 Қаулысымен ақын Әбдікәрім Оңалбаевтың есімі берілсе, 2004 жылы 27 сәуірде мектеп алдына ақынның ескерткіші қойылған. Содан бері білім ошағы ақын атына сай оқушыларға сапалы білім беріп, жас ұрпақты тәрбиелеуде өзіндік үлкен үлес қосып келеді.

Қазір Райкүл Ілиас басшылық ететін бұл мектепте оқушының тек оқу үлгеріміне ғана мән беріліп қоймай, білім алушының қоғам өміріне белсене араласуына да ерекше назар аударылады. Мәселен, оқушылар түрлі аудандық, облыстық, республикалық білім олимпиадаларына, ғылыми бай-қауларға, шығармашылық жарыстарға белсене қатысып, жүлделі орындарға да ілігіп, мектеп абыройын асқақтатып жүр. Ерекше айта кететін жетістіктердің бірі өткен жылы ауыл мектептерінің балаларына арналған республикалық «Мың бала» олимпиадасынан 6 сынып оқушысы Исмаил Шарапат жеңімпаз атанып, нәтижесінде еліміздегі үздік білім ошақтарынан шақырту алған. Бүгінде Исмаил Назарбаев зияткерлік мектебінде білімін жалғастыруда. Озат оқушының тәлімгері физика-математика пәнінің мұғалімі Әлия Бәкірованың айтуынша, мектеп бүгінде жаратылыстану бағыты бойынша тереңдетіп оқытуға ерекше мән беруде. Бұл оқушылардың жеткен жетістіктерінің біреуі ғана десек болады. Биыл да аталған олимпиа-дада 6 сынып оқушысы Нұрдәулет Меркемел үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атаныпты. Сынып жетекшісі Гүлзат Дабылова оқушыны осындай білім жарыстарына дайындап, додаға қосу жасөспірімнің ой-түйсігінің жетілуіне едәуір септігін тигенін айтады. Иә, оқушы мектеп бағдарламасынан бөлек қосымша ізденіп, білімін жетілдіріп, сайысқа түссе, сол арқылы бәсекеге қабілетті азамат болып өсері сөзсіз.

Расымен бүгінгі білім беру саласының қызметкерлеріне, соның ішінде мұғалімдерге өте жоғары талап қойылып отыр. Нақтырақ айтсақ, қазірде мұғалімге білім мен біліктіліктен бөлек, жаңашылдық та аса қажет. Өйткені қазір – технологиялық өркениеттің, жылдам ақпараттың ғасыры. Әлем күн санап емес, сағат санап жаңарып жатыр. Сондықтан біз де сол жаһандық даму үдерісіне ілесуіміз керек. Мұғалім тек өзінің тиісті уақытта сабағын оқытып қана қоймай, озат шәкірттерін дайындап, білім жарыстарында үздік нәтиже көрсетуі тиіс. Иә, бұл тұрғыдан ақын атын иеленген мектепте бірнеше жетістік бар.  

Нақтырақ айтсақ, мектеп оқушылары жалпы білім беретін пәндер бойынша «Дарын» республикалық ғылыми жобалар конкурсына, оқушы-лардың зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалары бойынша «Зерде» республикалық конкурсына, жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушыларының республикалық олимпиадасына, жалпы білім беру ұйымдарының жаратылыстану-математикалық бағытындағы юниорлық олимпиадаға және т.б. түрлі ғылыми байқауларға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.

Мектеп 2020 жылы күрделі жөндеуден өткен. Қазірде оқушылар толықтай жаңартылған еңселі ғимаратта сапалы білім, саналы тәрбие алып жатыр. Мектеп кабинеттерінің дені жаңадан жабдықталған. Атап айтсақ, 2 мультимедиа кабинеті бар және химия, физика, биология, робототехника, көркемөнерге баулу кабинеттері модификацияланған. Яғни оқушыларға жоғарыда аталған пәндерді заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар арқылы басқа қырынан тануға, тереңірек оқып-білуге мүмкіндік жасалған. 

Иә, әлем қарыштап дамуда. Әрбір күн жаңалықка толы. Тың дүниелер, жаңа технологиялар мен зерттеулер бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай. Қоғамның дамуына қарай ғылым мен техника да, оның басқару жүйесі де өзгеріп отыратыны белгілі. Осыған орай маман қызметінің мазмұны да жаңарып, соған тән бала оқыту бағыты өзгеріске ұшырап жатыр. Аталған мектепте оқушының заман талабына сай жаңа ғасырда жаңа технологияларды еркін игеруі үшін робототехника үйірмесі ашылып, жұмыс жасауда. Информатика пәнінің мұғалімі Марданбек Нұрғалиевтің айтуынша, ауыл балаларының жаңа технологияға, жаңашылдыққа деген қызығушылығы жоғары. 

«Бұл – жаңа технология мен ақпарат ғасыры. Біз де әлемнің бір бөлшегі ретінде сол сұранысқа төтеп бере алатындай білім алып, ғылымды жетілдіруіміз керек. Иә, ақпарат көп, сол ақпаратты оқушылар қабылдап қана қоймай, өңдей алатын, сараптайтындай қабілетте болуы керек. Міне, осы тұста информатиканың, робототехниканың көмегі тиеді. Сондықтан бұл бағытта балаға білім беру ұстаздар мен ата-ана үшін, түптеп келгенде оқушының өзі үшін аса маңызды. Білім ордасында еңбек еткеніме 9 жылдан асыпты. Шүкір, оқушылардың информатикаға, әсіресе робототехника үйірмесіне қызығушылығы басым. Бүгінде робототехникадан азды-көпті жетістігіміз бар», – дейді М.Нұрғалиев.

Нақтырақ тоқталсақ, жалпы білім беру ұйымдары оқушылары арасында өткен «Robotek Grand Tournament» турнирінің аудандық кезеңінде «Сызық бойымен жүру» санаты бойынша Марданбек Нұрғалиевтің жетекшілігімен 7 сынып оқушылары Қамбар Диас, Күмісбай Гүлнұр жүлделі ІІ орынды иеленген. Robo BATTLE – 2023» чемпионатының аудандық кезеңінде «РОБОСУМО» санаты бойынша 7 сынып оқушысы Өмірзақ Нұрдәулет І орынды жеңіп алып, облыстық кезеңінен үздік ойын көрсеткені үшін алғыс хат алған. Сондай-ақ 9 сынып оқушылары Серікбол Әскербекұлы мен Руслан Еркебұлан ІІ орынды иеленсе, Шерхан  Құралбекұлы мен Нартай Бақтияр алғыс хатпен марапатталған. 

Иә робот, компьютер деп бас ұрғанымызбен, дүниеде ештеңе теңес-тірілмейтін білім бұлағының көзі кітапхана екеніне ешкімнің таласы жоқ. Қоғамның өсуі, адамзаттың өсіп-өркендеуі кітаппен тығыз байланысты. «Кітап – білім бұлағы» демекші, осынау білімнің тұнық та мөлдір бұлағынан шәкірттерді сусындатып, олардың рухани дүниесін молайтып, тағылымы мол тәрбие ошағына айналып отырған кітапхананың мектепте алар орны орасан. Осы орайда мектеп кітапханасына да бір сәт аялдадық. 

Кітапханашы Гүлбану Төлегенова қазіргі жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы жоғары екенін айтады. Өйткені апайға әсіресе көркем-әдеби шығармаларын сұрап келетін оқушылар қатары басым екен. Мұнда 22 751 кітап қоры болса, оның 15 000-ын оқулықтар құрайды. Кітапханашы өз сөзінде көркем-әдеби жанрдағы кітаптарға жетіспеушілік барын жасырмады.  

«Мемлекет  басшысының  тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасы қолға алынып, сол бойынша жұмыс жасау-дамыз. Жалпы, «Оқуға құштар мектеп» жобасы мектеп жасындағы балалардың кітапқа құмарлығын оятумен қатар, танымдық-мәдени дамуына жол ашады. Бүгінде Алаш зиялыларының 105 жылдығы аясында мектеп кітапханасында электронды қабырға бұрышы, кітап көрмесі дайындалып, іс-шаралар жыл бойы үздіксіз өткізіліп келеді. Арнайы кітапхана қорына енгізілген көркем-әдеби шығармалардың авторлары, яғни биыл мерейтойы атап өтілген Т.Жүргеновтың 125 жылдығы, сондай-ақ Абай, Ілияс Жансүгіров, Мұқағали Мақатаев секілді тағы басқа ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығы жайлы кештер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, оқушылар мен ата-аналар арасында көркем-әдеби шығарманы оқу, мазмұнын меңгеру, әңгімелеу, саралауға байланысты байқаулар өткізіліп, видео-презентациялары желілерде жарияланып, көпшілік назарына ұсынылды. Иә, еліміздің азаматтары қазіргі заманға сай білімді, мәдениетті, өнерлі болуы қажет. Ол үшін терең білім, ғылым жаңалықтарын, өткен тарихымызды, өнерімізді білу үшін кітапты көп оқу керек. Сондықтан кітап – адам өмірінде маңызды рөл атқарады», – дейді Гүлбану Төлегенова.

Спорт – салауатты өмір салтының негізгі бөлігі. Физикалық белсенділік денсаулыққа ғана емес, адамның психологиялық жағдайына да әсер етеді екен.  Осы тұрғыда оқушыларды спортпен шұғылдануға жаппай тарту мектеп мұғалімдеріне артылған міндет десек те болады. Расында бесіктегі баладан еңкейген қарттарға дейін қолындағы смартфонға байланып, денеміздің қозғалыс динамикасы бәсеңдеген дәл бүгінгі күні балаларға, оқушыларға, тіпті ересек адамдардың өзін жаппай спортқа тарту басты мәселеге айналып отыр. Десе де білім ошағында оқушының бос уақытында спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. 

Дене шынықтыру пәні мұғалімі Қанат Досаевтың айтуынша, мектеп оқушыларының спорттық сайыстарда жеткен жетістігі аз емес. Мәселен, гір тасын көтеруден, тоғызқұмалақтан мектеп оқушысы Райхан Сабыржан түрлі жарыстарда өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінсе, шахматтан ұлттық мектеп лигасының аудандық кезеңінен 7-8 сынып оқушылары арасында өткен жарыста 8 сынып оқушысы Сүйінбай Асқарұлы үздік ойын көрсеткені үшін дипломмен марапатталған. Аталған ойыннан командалық жарыста №117 мектеп командасы биыл жүлделі ІІ орыннан көрінсе, баскетболдан «Алтын доп» ұлттық мектеп лигасының аудандық кезеңінен 5-6 сынып оқушылары арасында өткен жарыста мектеп командасы жүлделі ІІІ орынды жеңіп алған. 

Аталған мектепте балаларға әлеуметтік теңсіздіктің әсері болмау үшін бірқатар жұмыстар жасалған. Мәселен, оқушыларды ыстық тамақпен қамту барысы бір ізге қойылған. Бүгінде 300-ге жуық мектеп оқушысы ыстық тамақпен қамтылған. Ас мәзірімен де таныстық. Аспаздардың айтуынша, оқушыларға ұсынатын тағамдар құнары жоғары және экологиялық таза жергілікті бау-бақша өнімдері екен. 

Иә, орайы келгенде айта кеткеніміз жөн, жергілікті кәсіпкер, ауыл азаматы Әліби Бекжанов үздік оқушыларға арнайы шәкіртақы тағайындапты. Яғни «Ер-Әлі» және «Құрманбай ата» шаруа қожалықтары 5-11 сыныптарда үздік оқитын 8 оқушыға 30 мың, «екпінді» оқитын 14 оқушыға 20 мың теңгеден шәкіртақы тағайындап, оқу жылының соңында тапсырады.Оқу жылы аяқталып, жазғы демалыстың да жыры басталды. «Баламды қайда қыдыртамын» деген сұрақ әрбір ата-ананың көкейінде болары рас. Бұл сұрақ бойынша да мектеп әкімшілігі біраз тірлікті тындырыпты. Мәселен, 7 оқушыға Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» тынығу лагеріне демеушілер есебінен жолдама қарастырылса, Д.Қонаев қаласындағы «Балдаурен» лагерінде 2 жасөспірім жазғы демалысын өткізеді. Сондай-ақ аудандағы «Ақ¬терек» сауықтыру лагеріне мектептің 16 оқушысына жолдама табысталған.

«Мектеп – кеме, білім – теңіз» деп текке айтылмаса керек. Райкүл Өмірзаққызы бастаған мектеп ұжымының бірлесе атқарған жұмысына көз сүйсініп, көңіл толды.

Тағы да оқыңыз: