Kyzylorda-news.kz Данышпан халқымыздың «өткен күнде белгі жоқ» деп айтқан өсиетті сөзіне жас шағымызда мән бермеуші едік. Өмір өте көңілді жастық, дастарқандас, дәм-тұздас болған, теңдессіз татулық, ауызбіршілік пен адамгершілік, қимастық сәттерді аңсайсың, сағынасың. Өмірден өтсе де көңілден кетпейтін кейбір асыл азаматтарды әлі де арамызда жүргендей сезінесің. Асқар таудай ағалар уақыт өте сыйластықтың арқасында бір туған бауырдай болып кетеді екен. Халық даналығында «мың досың көптік етпейді, бір дұшпаның аздық етпейді» деген сөз бар. Ағалы-інілі болудың жолы да көп, түрі де көп. Сыйластық – адамзатқа ортақ баға жетпес байлық. Алдында арқа сүйер ағасы бар адам – тынымсыз тіршілікте бақытты, басына бақ қонған, баянды өмір сүрудің шарттары мен қағидаларына сәйкес келетін азамат.
Қасиетті де киелі Сыр бойында адал ісімен ел есінде мәңгі сақталатын жақсылар мен жайсаңдар, асылдар мен ардақтылар, арыстар мен алыптар, кемеңгер қаһармандар, баршылық. Солардың бірі – Сақы Қалыбаев ағамыз. Сәкең саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнады. Жарықтық, көбіне асып-таспайтын, асылық әңгіме айтпайтын, қандай жағдай болса да ешкімнің сыртынан әңгіме айтпайтын, ешкімге ретсіз, жөнсіз әңгіме айтқызбайтын. Қазақы түрде бағаласақ, «бар болса, тасымаған, жоқ болса, жасымаған» ерекше қасиетке ие болған азамат.
Сәкеңді аудан дәрігерлерінің атасы деуге болады. Аудандық аурухананың бас дәрігері болып қырық жылдай еңбек етіп, қайраткерлік дәрежеге дейін жеткен. Абырой-атақтың ешқайсысынан кенде емес. Еткен еңбегі ерекше бағаланып, көптеген орден, медальмен, құрметті атақтармен марапатталды. Бірнеше рет Қазақстан компартиясы аудандық комитетінің пленум, бюро мүшесі, аудандық кеңес атқару комитетінің мүшесі, аудандық, поселкелік кеңестердің депутаты болып сайланды.
Ол қандай ортада болсын өзін ерекше мәдениетті ұстайтын. Өте қарапайым, не айтса да тауып айтатын. Барынша кішіпейіл, дауыс көтеріп, дөрекі сөйлемейтін, сыпайы, салмақты, сындарлы, салиқалы, мәнді әңгіме айтып отыратын. Түрлі мақсаттарға арнап жайылатын дастарқан мен жиын-кеңестер Сәкеңсіз басталмайтын. Қорытынды сөзді өзі айтатын. Дастарқан басында бейсауат, келеңсіз, ретсіз, жөнсіз әңгіме айтылып жатса, көзінің қиығымен-ақ сабасына түсіретін. Көпшілік бас қосқан алқалы жиында ешкімді алаламай, ағалық ақылын айтып, артық әңгіме айтуды онша жақтыра бермейтін. Ананың ақ сүтімен келген ізгі қасиеттерінің арқасында адами, азаматтық қасиеттері де жоғары болды.
Бас дәрігер ретінде дәрігерлермен, қызметкерлермен қарым-қатынас жасау, түсінісу, сыйласу, ауыз жетер, аяқ жетер жердегі ағайынның, жора-жолдастың қайғырғанында, қуанғанында қасынан дер кезінде табылу, тарыдай куанышын таудай етуге, түйедей қайғысын түймедей етуге өзінің күш-жігерін, ынта-ықыласын аямады. Ақыл сұрағанға сая болды, көмек сұрағанға пана болды, бата сұрағанға дана болды. Тіршілікте біздің Сәкең төңірегіндегілерге қателеспеген, қателестірмеген, барынша қанағатшыл, ынсапшыл, қамқоршы ағаларымыздың бірі болды. Ол – тіршілікте, қызметте, өмірде жолы болған, еңбегі жанған, бақ қарап, қыдыр дарыған, туған халқынан, елден, жұрттан, ағайыннан, достарынан, қызметтестерінен, мемлекеттен кезінде тиісті бағасын алған бақытты азамат.
Сәкең туралы айтқанда, құдай қосқан қосағы, әулеттің берекесі мен беделін асқақтатқан отанасы, шаңырақтың шаттығы болған Зағира Сейтенқызының өлшеусіз еңбегін айтпасқа тағы болмайды. Зағира жеңгеміз текті әулеттің қызы ретінде Сақы ағамыздың табалдырығын аттағаннан бастап ырыс-несібе молая түсті. Өмірге ұл-қыз келді, сөйтіп Қалыбаевтар өмірінде бұрын-соңды болмаған мамыражай өмір басталды.
Сәкең «Мына Зағира жеңгелеріңмен алпыс жылдың үстінде тату-тәтті өмір сүрдік, біздің жолымызды берсін, көрген жақсылығымызды жұғысты етсін» деп, батасын беріп отырушы еді, жарықтық. Зейнеткерлікке шыққан соң аудан өміріндегі берекелі тірлікке етене араласты. Елдегі шешімін таппаған кейбір мәселелерді тиісті жеріне жеткізіп, жоғары жақтан басшылар келсе, өтініш ретінде айтып отыратын. Әсіресе аудандық аурухананың жағдайы қатты мазалайтын. Сәкеңнің отбасы, ұрпақтары шүкір, «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, әке аманаты орындалып, өнегелі өмір сүруде. Біз де, соңынан ерген інілері, туған-туыс бауырлары «тәуба» дейміз, қуанамыз, қолдаймыз, марқаямыз. Бір шаңырақ астында Зағира әжесінің бауырында кенжесі Төлеген мен келіні Алма, немересі Меруерт, Дәулет пен Нұрайлым, шөберелері Данияр, Көркем, Айзия, Алдияр төрт ұрпақ өкілі жадырап-жайнап, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл да Қалыбаевтар әулетінің ерекшелігі, береке-бірлігі, татымды тірлігі, шаңырақтың абыройы шығар.
Сақы ағамыз аудан тарихында медицина саласында өзіндік із қалдырып, оның дамуына сүбелі үлес қосқан, шебер ұйымдастырушысы, елдің жанашыры болды. Атасының жолын қуған немерелері Дәурен Сәкенұлы Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медицина университетінде, немере қыздары Аружан Ақтөбе медицина университетінде, Меруерті Оңтүстік медицина академиясында оқып жатыр. Әрбір ата-ана «ұрпағым әке жолын куса екен, әкеден артық туса екен» деп тілейді. Сәкең мен Зағира жеңгеміздің ақ тілегі кабыл болғандай.
Сала ардагері өмірден өткенмен ұрпақтары атасының сара жолын жалғастыруда. Қалайша риза болмайсың, тіл-көзіміз тасқа. «Жаксы әке балаға 40 жыл азық, жаман әке 40 жыл қазық болады» деген дана халқымыз. Ұрпақтарына өнегелі өмірімен 40 жыл азық болса, қадір-қасиетін білетін туған-туыс, бауырларына, жора-жолдастарына да бағалы азамат болды. Атам қазақ «жүгіріп шығар төбе көп, асу бермес шың қиын, қартайған шал елде көп, ақсақал болу тым қиын» деп бекер айтпаған. Сәкең көргені, көңілге түйгені, білгені көп, аудан тарихында өзіндік орны бар, сүйекті сөз айта алатын салмағы бар, өз орнын білетін абыз ақсақалымыз еді. Ағамыз еліміздің бірлігіне, тәуелсіздігіміздің тұғырлы да берік болуына рухани дем беріп, батасын беріп кетті деп есептейміз.
