Kyzylorda-news.kz Оның шаштараздағы күнделікті жұмысы таңғы сағат 8-де басталып кетеді. Былайғы жұрт бұл кезде үйінен жұмысқа жиналып жатады. Ал біздің кейіпкер – Сахнам Тұрматқызы ертемен шашын сәндеуге келетін клиенттеріне қызмет көрсетуге кіріседі. Демалыс күндері мен мерекеде оның жұмысы тіпті қызады. Мұндай сәтте ол уақытпен санаспай, алдына келген сұлу бикештердің көңілінен шығуға барын салады.

Шаштараз деген бір қарағанда оңай мамандық сияқты. Әсілінде, бұл да шығармашлықты, жауапкершілікті талап ететін кәсіптің түрі. Әр жылы неше түрлі шаш үлгісі жаңа трендке еніп отырады. Талай адамның сұранысының үдесінен шығу әсте оңай емес. 

Аудандағы орталық маңында орналасқан «НұрДана» әсемдік салонына тұрақты түрде баратын қыз-келіншектер Сахнамды жақсы таниды. Адамдарды жылы жүзбен күлімсіреп қарсы алады. Ең алғаш шаштараздық өнерді әпкесі Дана Сәрсенбекқызынан үйренеді. Жеті жылдық тәжірибесі бар. 

Шаш сәндеуге бала кезімнен қызықтым. Әр шаштараздың өз орны мен құралдары болады. Әуелі, сол құрылғыларды тазартып аламыз. Келген кісі жұмысыма ризашылығын айтып жатқанын естігенімде, мамандығыма деген құлшынысым одан сайын артады. Күніне орта есеппен онға жуық адам келеді. Әрбір тұтынушының көңіл-күйіне қарау, оның жасына, бет-әлпетіне сайы шаш үлгісін жасау, бет әрлеу, бояулар таңдау тәжірибені қажет етеді. Кіріс көзі күніне 20-50 мың теңгеге дейін болады, – деді С.Талғатқызы. 

Бүгінгі таңда бұрымдылардың басым көпшілігі шашын өсіргенді қалайды. Кәсіби шаштаразға «Қазір көп адамдардың шашы неге төгіліп түсе береді, қалай күтім жасау керек?» – деген сауал қойдық. 

– Шаш түсуінің негізгі себебі – адам ағзасына кальцийдің жетіспеушілігінен және дұрыс күтінбеуден. Қазір қыздар шетелдің қаптаған қымбат иіссуларын, жақпамай, маскаларын қолдануға құмар. Ал бірақ, табиғи өнімге ешнәрсе де теңеспейді. Қыздар шашын ара-тұра қымызбен, айран және жұмыртқамен жуып, күтім жасап тұрса, оның пайдасы мен тиімділігі зор. Одан кейін ақжелкек (хрен) өсімдігінің тамырын үккіштен өткізіп, шаштың түбіне жақса, мүлде түспейтін болады. Бұл процесті бір жыл көлемінде ай сайын бір реттен істеп отыру қажет . Сонымен қатар, біздің салонда арнайым табиғи өнімнен жасалған сусабындар бар. Соларды қолдансаңыздар шаш өте әдемі әрі жұмсақ болады, – деді. 

Өз кәсібін шексіз сүйетін Сахнамға кезек күткендер көп екен. Оның жұмыс барысын біраз бақылап тұрған біз шаштараздың ізденісті қызметіне сәнқой аруларға риза пейілмен алғыс айтып кетіп жатқандарына куә болдық.

Тағы да оқыңыз: