Kyzylorda-news.kz Алла ең алдымен ғаламшарды, сосын планеталарды жаратты десек, жер бетінде тіршілік пайда болмастан бұрын тау мен тасты, су мен өсімдікті жаратты. Мұнан кейін жер бетіне түрлі тіршілік иелерін жіберіп, оған иелік ету үшін адамзатты жаратты. Сол есте жоқ ескі замандарда табиғаттың тамаша үйлесімімен біте қайнасып жатқан бұл Аралдың бір шеті қарт Каспиймен ұштасып, шегі жоқ иен далаға нәр берді десек сенер ме едіңіз?! Анығында солай.

Осыдан 21 миллион 1200 жыл бұрын Кайнозой дәуірінің орта шенінде Арал мен Каспий бір болған деген дәлелді дәйектер айтылады тарихшылар мен археологтардың дерегінше. Олай дейтініміз, теңіздің теріскей жағындағы Ақеспе жағынан 80 метр тереңдіктен Олигоцен уақытында өмір сүрген теңіз балықтарының тасқа айнала бастаған қаңқалары табылған. Яғни үлкен теңіздерде өмір сүретін киттер мен қызыл балықтардың сүйектері осы Арал теңізінің қазіргі орнынан шыққан. Оған қоса теңіз жыртқышы саналған акуланың тісі мен сүйегі де табылды. Демек бұл Аралдың бір дәуірлерде талай тіршілікке арқау болған ұлы теңіз болғанын тарихтың өзі айқындап отыр. Бүгінде бәлду-бәлду бәрі өтірік. Сол теңіздің сарқытын көріп, ақжал толқынымен алысқан аға буын әлі күнге арамызда жүр. Бүгінде олар теңіз анаға қарап тебіренеді, оған жасалған қиянатты кешіре алмайды. Десе де теңізден кіндік үзбеген ел әлі күнге осы маңды мекендейді. Замана ағымымен өсіп-жетілген ұрпақ бүгінде теңіз-ананың сарқыты Кіші теңізден балық аулап, қоңыртөбел күн кешуде. Теңіз барда басталған балық шаруашылығы жайлап етек жайып, арнайы ұйымға айналды.

Іргесі 1905 жылы қаланып, «Алтықұдық» деп аталған кішкене қыстақ Кеңес өкіметі орнағаннан соң жұмысшы поселкесіне, кейін қалаға айналды. Бұл өңірге темір жол тартылып, тіршілік жанданған айрықша кезең болатын. Оған теңіздің атымен аттас қылып Арал деген айрықша есім тағылып, 1927 жылы құжат жүзінде Арал қаласы ретінде тарих бедеріне енді. Осы Аралдың құрылғанына биыл 95 жыл толып отыр. Аз уақыт емес. Осы ғасырға жуық құнды уақыттардың ішінде Арал қаласы көптеген тарихи шешімдердің куәсі болып, келелі басқосулардың орталығына айналды. Көркейді, дамыды. Енді міне, өзіңіз көргендей өңірдегі сәні келіскен шаһарға айналып отыр.

1925 жылы ауданда ірі балық аулау тресі құрылып, 1927 жылы аудандық атқару комитетінің төрағасы Т.Медетбавтың шығарған бұйрығы негізінде 1 қазаннан бастап халық көп шоғырланған осы өлкеге Арал қаласы деген айрықша статус беріледі. Бұл жөнінде облыстық мемлекеттік архиві Арал аудандық филиалының басшысы Б.Қуатов:

– Арал қаласы 1927 жылы 1 қазанда құрылған. Бұл туралы Арал балық комбинатының ІV кворында сол кездегі аудандық атқару комитетінің төрағасы Т.Медетбавтың шығарған бұйрығы бар. Сол тұстағы барлық мекемелерге сол бұйрық таратылып, құжат жүзінде 1 қазаннан бастап Арал қаласы пайда болды. Кейіннен 1927 жылы Қазалы уезі таратылған соң 1928 жылдан бастап Арал ауданы құрылды. Оған Қамыстыбас поселкесі қарап, кейін аудан еншісі ұлғайтылды, – дейді.

Мұндағы елдің тіршілігі тікелей балық шаруашылығына қатысты болғандықтан, сол кезде салынған ғимараттардың дені осы балық шаруашылығы саласына қатысты салынған. Қолда бар құжаттардың дені солай дейді. Яғни қазірдің өзінде жұрнағы қалған барақ үйлердің дені кезінде балық қабылдау пункттері болған. Яғни балық сақтау пункттерінің көптеп салынуы сол кездің өзінде балық өнімдерін шығарып, оны экспорттау мәселесіне басымдық берілгендігін аңғартады. Қазір сол ғимараттардың қатары көптеген еңселі нысандармен толыққан.

Сәні мен салтанаты келіскен шырайлы шаһардың бүгінгі келбетіне келер болсақ айтуға сөз бөлек. Қателеспесем осыдан бірер ай бұрын осы Аралға дәм-тұз айдап сонау Алматыдан келген әріптесіміз, «Спорт жұлдыздары» республикалық ғылыми-әдістемелік, спорттық-патриоттық журналдың Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары бойынша шеф-редакторы Жандос Аянбекұлы:

– Мен бұл кезге дейін жұмыс бабымен көптеген қалаларда болдым. Әрине журналист болған соң назарымызда көп дүниелер болады. Менің бір таңғалғаным, Арал қаласы көшелерінен ретсіз тасталған қоқыс көрмедім. Тіпті бір целлофан немесе құтының ретсіз жатқанын байқамадым. Тазалығы жағынан осы Арал қаласы мен барған қалалардың ішінде Грозныйдан кейінгі қала ма дедім. Сәулеттік жобалары да үйлесім тапқан. Бір сөзбен айтқанда, Арал – ең таза қала, – деген болатын.

Бұл сөз шын мәнінде біз білетін Арал қаласына жарасатындай-ақ пікір. Қазіргі қаланың келбетін бұрынғымен салыстыруға мүлдем келмейді. Қазір қала көшелерінің көптеген бөлігі асфальтталып, жарық шамдары қойылған. Бұрынғы кеңестік кезде қойылған көше атаулары қазір келмеске кетіп, түгел қазақшаланды. Жаяу жүргіншілер жолақтары салынып, көптеген кәсіпкерлік ғимараттар бой көтерді. Мемлекеттік нысандардан бөлек, өндіріс ошақтары пайда болды. Қаланың іргесін халықаралық маңызға ие "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" көлік дәлізі кеулей өтеді. Темір жол да қаланы қақ жарып өтеді. Осылайша транспорттың қос түрі қаланың күретамырына айналды. Бұл дегеніңіз, Арал қаласының сәні мен салтанаты келісіп, шаһар көркі шырайланды деген сөз. Сол шаһардың құрылған жылын атап өту шарасы да назардан тыс қалмайды.

Тағы да оқыңыз: