Kyzylorda-news.kz. Серғали Толыбеков атындағы №3 IT мектеп-лицейінің 5-сынып оқушысы Тоғжан Абдрахманова Туркия мен Дубайда математика және информатика бағытында өткен халықаралық олимпиадаларына қатысып, бірінші орын – «Алтын кубокты» иеленді.
Білектінің емес білімдінің заманы екенін дәлелдеп жүрген талапты шәкірт ең алдымен 23 наурыз күні Стамбул төрінде өткен әлемдік бәсекеде 4 таңбалы санды көбейту, бөлу, теңдеу шешуден жүйріктігін дәлелдеп, бас жүлдені иеленді. Мұнан соң, 28 наурыз күні Дубайда әлемнің түкпір-түкпірінен дарындылар қатысқан математика және информатика бағытында өткен білім бәсекесінде де Тоғжан бас жүлдені иеленіп, қос байқауда топ жарды.
Айта кетейік, Тоғжан былтыр Египетте өткен халықаралық олимпиадада топ жарып, күрделі есептерді жылдам шығарудан жеңімпаз атанған болатын. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында “BI University”-де өткен республикалық математика-арифметика олимпиадасында жеңімпаз атанып, 1 орын иеленген.