Kyzylorda-news.kz. Қызылордада қоғамдық көлік мәселесін реттеу мақсатында 85 автобус алуға өтінім берілді.
Өткен жылы оның 13 данасы келді. Қалғаны биыл әкелінеді. Қалада 32 бағытқа қатынайтын 585 қоғамдық көлік бар. Оның 135-і автобус паркіне тиесілі болса, ал қалған 450-і жеке.
“Былтыр алынған 13 автобус Семей қаласында құрастырылған. Оның барлығы қазір №1 бағытта қызмет көрсетуде. Жоспарымыз бойынша қалған қоғамдық көліктерді де отандық өнім болмақ. Осылайша біз қоғамдық көлік мәселесін ретке келтіретін боламыз”, – деді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары Қанат Рахметов.
Жалпы облыста 4 автовокзал және 8 автостанса қызмет көрсетеді. Облыс аумағында 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 204 автобус бар. Бұған қоса, 13 облысқа автобус қатынайды.
“Бүгінде автовокзалдарда, автобустардың салондарында рейс алдындағы дезинфекциялық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Ең бірінші жолаушылардың денсаулығы басты назарда. Тұрақты түрде дене қызуы тексеріліп, сақтық шаралары бақылауда”, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тілеуов.
Айта кетейік, үстіміздегі жылдың 17 наурызынан бастап Ақтау қаласына «Флай Арыстан» компаниясы арқылы әуе кемесі қатынайтын болады.