Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 205 автобус маршруты ұйымдастырылған. Осы маршруттарда барлығы 30-дан астам заңды және жеке тұлғалар әр түрлі сыйымдылықтағы 1354 дана автобуспен жолаушы тасымалдау қызметін көрсетуде. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тілеуов хабарлады.
Сонымен қатар,Ташкент қаласына 1 халықаралық және облысаралық 13 автобус маршруты ұйымдастырылған. Жолаушылар мен тасымалдаушыларға Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарындағы 3 автовокзал және 8 автостанса қызмет көрсетуде.
Сондай-ақ, қала бойынша қалаішілік 25 бағытқа және 8 қала маңына қатынайтын барлығы 33 бағытқа 585 автобус екі ауысыммен қызмет көрсетеді. «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-гі теңгеріміндегі 135 автобуспен 5 қалаішілік бағытта қызмет көрсетсе, «Кад Нұр» ЖШС-і екі бағытта 37 автобус, «Арғымақ Орда» ЖШС-і 4 бағытта 54 автобус және қалған 22 бағытта 250 жеке тасымалдаушылармен бірлескен келісім-шарт негізінде қызмет көрсетеді.
Айта кету керек, 1 қыркүйектен бастап автобустар саны 350-ге толығып, жолаушыларға қызмет көрсетеді», – деді брифингке қатысқан қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мұрат Айкөпешов.