Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында Өрт сөндіру және құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасы чемпионатының мандат комиссиясы мен спорттық жабдықтарды сыннан өткізу отырысы өтті.

Мандат комиссиясы отырысына чемпионатқа қатысушы барлық командалардың өкілдері мен жаттықтырушылары қатысты.

Чемпионатқа республикадағы барлық өңірлер мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының Төтенше жағдайлар департаменттері және Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық Қорғау академиясынан 18 үздік ерлер командасы, 13 әйелдер командасы қатысуда. Жалпы турнирге 400-ден астам адам қатысады.

Сайысқа дейін командалардың өрттен құтқару спорттық жабдықтары тексерілді. Сонымен бірге бас төрешілер мен команда өкілдерінің кеңесі және жеребе тарту рәсімі болды.

Отырыс барысында Қызылорда облысы ТЖД бастығы полковник Руслан Қайрақбаев және бас судьяның орынбасары, «Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорт федерациясы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дәурен Данаев қатысушы командалардың өкілдеріне жарыс туралы ережені түсіндірді.

Өз кезегінде, аға төрешілер жабдықтар мен жарақтардың дайындығы туралы, сонымен қатар командалардың өрт-техникалық жабдықтарын қарау-тексеру нәтижесі жөнінде түсіндірді. Сондай-ақ қатысушыларға жарыс жүрісі түсіндірілді. Жиын соңында жеребе тарту рәсімі өтті.

Еске сала кетейік, 3-6-тамыз аралығында Қызылорда қаласында Өрттен құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Басталу уақыты сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін. Чемпионаттың ресми ашылуы 3 тамызда жергілікті сағат 18:00-де Ғ.Мұратбаев атындағы стадионда болады.

Тағы да оқыңыз: