Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық көпбейінді балалар ауруханасының кеңес беру диагностикалық бөлімшесі бір ауысымда 300 баланы қабылдай алады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сабит Пазилов баяндады.

Сондай-ақ, індеттің алдын алу бағытында қосымша 100 провизорлық және 5 инфекциялық төсек орын ашылды. Қосымша 55 пульмонологиялық төсек орын бар.

«Жастардың арасында тыныс алу жүйесі және пневмония ауруына шалдыққандар өткен жылмен салыстырғанда көбеюде. Өңірде коронавирус инфекциясы тіркелгелі бері індет жұқтырған 14 жасқа дейінгі балалар сәуір-мамыр айларында жұқпалы аурулар ауруханаларында ем алған болатын. Ал маусым айында коронавирус инфекциясымен тіркелген балалар жоқ», – деді бас дәрігер.

Қазіргі таңда, коронавирус инфекциясын жұқтырған 7 бала бар. Оның 3-еуі үй жағдайында, амбулаторлы ем алуға жолданса, 4-і стационарда емделуде.

«Балаларда коронавирус инфекциясы жеңіл түрде өтіп, айтарлықтай ауыр белгілер байқала бермейді. Дегенмен, ерекше қатер тобындағылар бұл жаңа туған сәбилер мен 1 жасқа толмаған балалар. Себебі, егде адамдар сияқты олар вирустық инфекциялардың ауыр түрлеріне бейім болып келеді. Сондықтан балалар ересектер мен бірдей деңгейде сақтық шаралары мен әлеуметтік оқшаулау ережелерін сақтауы керек», – деді Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Әлия Мүтәліпқызы.

Тағы да оқыңыз: