Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұйымдастырған агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инновациялық жобалар конкурсына қатысты. Байқау нәтижесінде университеттің екі жобасы 30 миллион теңгеден аса қаржылай қолдау тапты.

«Аймақтың негізгі дақылы – күріш екені бәрімізге белгілі. Су тапшылығына байланысты күріш көлемін қысқарту туралы мәселе жиі көтеріліп жүр. Осыған байланысты біздің жас ғалымдар ғылыми зерттеу жүргізуде. Күріш қалдықтарын өңдеу барысында алынған биотыңайтқыш топырақ құнарлығын арттырады. Сол арқылы ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін ұлғайту жобасы өндіріске енгізіледі. Сондықтан ғылыми зерттеу жұмыстары арқылы тың әдістерді іске асыруымыз керек», – деді техника ғылымдарының докторы, агробиологиялық орталықтың бас ғылыми қызметкері Серікбай Өмірзақов.

Зерттеу жұмысын университеттің инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі, химия ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Ахатаев бастаған ғалымдар тобы жүргізді. Ғалым өсімдіктерді қорғау құралдарын, биотыңайтқыштар әзірлеу, топырақтың құнарлылығы мен сипаттамаларын жақсарту салаларын зерттеп келеді. Қазіргі таңда оның 70-тен аса ғылыми жұмысы бар.

«Инновациялық жоба топырақ құнарлығын арттыруда күріш қалдықтарын қайта өңдеу кезінде алынған биотыңайтқышты пайдалану есебінен көкөніс және бақша дақылдарының өнімділігін арттыруға бағытталған. Жобаны Қармақшы ауданы, Тұрмағанбет ауылындағы «Тұрмағанбет» ЖШС-де іске асыру жоспарлануда. Болашақта өңірдің көп тонналы ауыл шаруашылығы қалдықтары биотыңайтқышқа қайта өңделетін болады», – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің химия ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Ахатаев.

Тағы да оқыңыз: