Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы түрмеге келген сәлемдемеден есірткі заты тәркіленді.
Биылғы жылдың 17 қаңтарында Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Е. есімді азаматқа жолданған сәлем-сауқаттың ішінен есірткі заты анықталды. Мекеме қызметкерлері жоғарыда аталған сотталғанға келген сәлем-сауқатты тексеру барысында 3 дана донер арасына салынған «өзіне тән хош иісі бар шөп тектес» заты тәркіленді.
Жедел түрде 102 нөміріне хабарланып, мекемеге Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақыртылды.Тәркіленген зат бойынша сот сараптама жұмыстары тағайындалып, қорытындысымен салмағы 31,18 граммды құрайтын «кептірілген марихуана» екені дәлелденді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.