Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша 151 дәрігер маман жетіспейді. Бұл туралы Өңірлік комуникациялар орталығында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ысқақов айтты.

Өткен жылдың дәл осы кезеңінде аймақта 205 дәрігер маман жетіспейтіндігі анықталған. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 151-ге төмендеді.

«Біз бала күтіміне байланысты демалыста отырған мамандарды есептеп отырған жоқпыз. Ең алдымен аймақтық дәрігерлер жетіспейді. Сыр өңірінде тар буынды мамандардың жеткіліксіздігі орын алуда. Былтырғы жылы реаниматолог дәрігерлер жоқтың қасы болатын. Осы мәселені жою мақсатында облыс әкімінің гранты бөлініп, мамандар даярланды. Қазіргі таңда олардың алғашқы легі де өз туған жерлерінде жұмыс жасауда. Нақтырақ айтсақ,  15 реаниматолог дәрігер өз жұмыстарына кірісті», – дейді Олжас Ысқақов.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, былтырғы жылдан бастап арнайы бакалавр мамандығы бойынша дәрігерлер оқытылуда. Былтыр 30 адам, биыл 40 адам оқуға түскен.

Сонымен қатар биыл 73 дәрігер маман оқуларын аяқтап, олардың 43-і ауыл-аймаққа жіберілген.

«Қазіргі таңда аудан мен ауылдарда аймақтық дәрігерлер біршама қамтылды. Ауылдардың дәрігерлермен қамтылу көрсеткіш 80 пайыздан жоғары. Ал облыс орталығында дәрігерлердің жетіспеушілігі байқалады», – дейді Олжас Ысқақов.

Дәрігер мамандардың жетіспеушілігін сезініп отырған медициналық ұйымның бірі №3 қалалық емхана. Бұл медициналық ұйымда 37 участке бар болса, онда 20-дан аса жалпы практикалық дәрігер халыққа қызмет көрсетуде.

«№3  емханада 11 дәрігер бала күтімімен үйінде отыр. Олардың жұмысқа шыққысы жоқ. Олар да өз құқықтарын сақтап баланың жанында үш жасқа дейін отыруды ұйғарған. Дәрігерлердің жұмысқа шығуға ынтасының болмауына келушілермен болатын түсініспеушіліктер, олардың тарапынан айтылатын сын ескертпелер әсер етіп отыр. Мен олардың құқығын таптап, орнына басқа маман ала алмаймын», ­- дейді №3 қалалық емхананың бас дәрігері Гүлстан Мақсұтова.

Орайы келгенде басқарма басшысының орынбасары Олжас Ысқақов та халықтың дәрігерлерге қолдау білдіруі қажет екенін айтып қалды.

«Халықтың бірінші кездесетіні аймақтық дәрігерлер. Сондықтан да сын ескертпелерді де еститін, келушілерден сөз еститіндер де сол мамандар», – дейді ол.

№3 емхананың бас дәрігер маман тапшылығын барынша оңтайлы шешіп жатқанын да атап өтті.

«Емханаға келушілер елеусіз қалып, дәрігердің қабылдауына кіре алмай қалып жатқан жоқ. Келушілерден келіп түсетін шағымның басым бөлігі олар үнемі бір дәрігердің қадағалауында болуды қалайды», – дейді Гүлстан Мақсұтова.

Айта кетейік, бұған дейін облыстағы обыр дертінің көрсеткіші туралы хабарлаған болатынбыз.

Динара МАХАНОВА

Тағы да оқыңыз: