Kyzylorda-news.kz. Әлемде жүрек-қан тамырлары сырқаты алғашқы орында тұр. Қызылорда облысында да бұл дертке шалдыққандардың саны азайған емес. Тиісінше, аталған ауру бірінші орында. Сырқаттың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, жуырда ғана аймаққа жүрек-қан тамырларының алдын алуға септігін тигізетін «Ангиограф» аппараты әкелінген болатын.

Айта кетейік, мұндай құрылғының бір данасы облыстық көпбейінді ауруханасында бар. Дегенмен жалғыз аппарат халықтың сұранысын толық қанағаттандыра алмайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ысқақов айтып берді.

Бүгінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша қауіпті аурулар жүрек ауруларымен ауырған, инсульт немесе инфаркт алған науқастарды қосымша тексеру, жүректің бір тәуліктік қан қысымын өлшеу, мойынтұсты зерттеу арқылы бас ми тартысының алдын алуға жұмыс жасалуда. Қазіргі таңда бұл мақсатты топ бойынша аймақта 21 мыңнан астам науқас тіркелген. Бұл сырқат бойынша жыл сайын науқастардың саны артып келеді.

«Өздеріңізге белгілі, жүрек-қан тамырлары аурушаңдығы әлем бойынша алдыңғы орында. Тиісінше, бұл сырқат Қызылорда облысында да бірінші орында тұр. Бұл дерт бойынша жыл санап анықталу көрсеткіші жоғарылаған сайын, сырқатанушылардың да саны көбеюде. Дегенмен өлім жітім саны азайған», – дейді Олжас Ысқақов.

Аталған сырқаттың алдын алу мақсатында биыл мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында Қазалы аудандық ауруханасына «Ангиограф» аппараты қойылды. Сонымен қатар мұндай құрал жабдық облыстық көпбейінді ауруханаға да қосымша алынды.

«Осы уақытқа дейін облыста жүрек-қан тамырларының өткізгіштігін тексеретін бір ғана құрылғы болатын. Біріккен ұлттар денсаулық сақтау ұйымының  мәліметі бойынша 250 мың халыққа бір «Ангиограф» құрылғысы болуы қажет деп есептелінеді. Бұған дейін аймақта халыққа бір бір құрылғы қызмет етсе, қазіргі таңда үш ангиограф бар. Оның бірі Қазалы аудандық ауруханасына қойылды. Арал, Қазалы және Қармақшы ауданының тұрғындары осы құрылғының көмегіне жүгіне алады. Ал қалған екі құрылғы облыс орталығындағы көпбейінді ауруханада орналасқан. Сонымен қатар бұл ауруханаға тағы бір жаңа томографиялық аппарат алынды. Бүгінгі күні бұл орталықта екі томографиялық аппарат жұмыс жасауда», – дейді аймақтағы бас дәрігердің орынбасары.

Ал онкологиялық аурушаңдық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріс жоқ. Қазіргі таңда аймақта 4200-ден астам адам осы сырқатпен тіркеуге алынған.

«Онкологиялық дерт бойынша соңғы уақытта қуантарлық жағдай, бүгінде бұл сырқаттың бірінші, екінші сатысын анықтау көрсеткіші 6,9 пайызға жоғарылаған. Яғни, аурушаңдық деңгейін ерте анықтау көрсеткіші көбейіп, науқастың өмір сүру жасын ұзартуға мүмкіндік туып отыр. Осыған сәйкес сырқаттың кеш сатысын анықтау төмендеді. Осыған орай аталған дерт бойынша өлім жітім көрсеткіші де азайған», – дейді Олжас Ысқақов.

Оның айтуынша, онкологиялық дертке шалдыққандардың өмір сүру ұзақтығы 5 жыл деп көрсетілсе, қазіргі таңда сырқатты ерте анықтау нәтижесінде 5 жылдан аса өмір сүруге қол жеткізілген.

Баспасөз конференциясында обыр дертіне берілетін тегін дәрі-дәрмек мәселесі де сөз болды. Олжас Ысқақовтың айтуынша, бүгінде дәріге мұқтаждық жоқ. Жыл басында 4,5 млрд теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынған. 

Айта кетейік, бұған дейін облыста бір жасқа дейінгі нәрестелердің шетінеу дерегі азаймай тұрғанын хабарлаған болатынбыз.

Динара МАХАНОВА

Тағы да оқыңыз: