Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай тоқсанға жуық іс-шара өткізіледі. Аталған шаралардың басым көпшілігі онлайн форматта ұйымдастырылуда.

“Облыс тұрғындарын Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл бірлігі бекем, татулығы жарасқан Қазақстан халқы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде. Бүгінде Ұлы Дала төрінде бір шаңырақтың астында 100-ден астам, ал Алаштың анасына айналған Сыр өңірінде 35 этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Олар мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуіне аянбай еңбек етуде. Бұл – бабалардан өсиет болып қалған, халқымызға қасиет болып қонған береке – бірлігіміз бен тарих табыстырған ортақ тағдырымыздың жемісі”, – деді Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова.

Мерекеге арналған шара осы аптаның басында басталды. Мәселен, бүгін «Достық. Береке. Бірлік – Тәуелсіздік кепілі» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел отырысы өтті.

Бұдан бөлек, облыстық іс-шаралар аясында облыстық білім басқармасы тарапынан мектептер мен колледж білім алушылары арасында «Бірлігіміз жарасқан» көркемсөз оқу шеберлерінің челленджі, «Достық бекеті» шығармашылық байқауы, облысық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мұрындық болуымен «Бірлігі жарасқан Қазақстан», «Татулық тірегі – Сыр елі» тақырыптарында онлайн тарихи-құжаттық және кітап көрмелері, «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісімнің мекені» атты этнос өкілдерінің мәдени күндері аясындағы қайырымдылық акциясы, «Ынтымақ әуендері» атты этнос өкілдері мен «Мереке» вокалды аспапты ансамблінің бірлескен концерті ұйымдастырылуда.

Сондай-ақ, қала мен аудандарда «Қазақстан – бірлік пен татулықтың мекені», «Достығымыз жарасқан», «Ұлт бірлігі – ұлы байлық», «Біз Достықты жырлаймыз!» және тағы басқа тақырыптарда мерекелік онлайн концерттер өтуде. Ал қалада орналасқан «Бауырластар зиратында» экологиялық акция өтеді.

Тағы да оқыңыз: