Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті Қызылорда облысы әкімдігімен бірлесе отырып, «Басшылар байланыста» жобасын бастады.
Жоба аясында мемлекеттік қызметтерді көрсетуші мекеме басшыларының тұрғындарға қызмет көрсету күндері ұйымдастырылып, жеке қабылдаулар өтеді.
«Басшылар байланыста» жобасының алғашқы «Қызмет көрсету күні» шарасы департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Рафхат Бисеновтің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазиловтың және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының директоры Айдын Қайруллаевтың қатысуымен өткізілді.
Халыққа қызмет көрсету орталығында өткен шара барысында тұрғындардың басым бөлігі денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелермен жүгінді. Сонымен қатар, азаматтар мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен мерзімдері туралы сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Департамент басшысы Рафхат Бисенов пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов осындай қабылдауларды алдағы уақытта медициналық ұйымдарда өткізуге уағдаласты.
«Басшылар байланыста» жобасы шеңберінде жыл көлемінде аймақтағы мемлекеттік қызметтерді көрсетуші 20 мекеменің басшыларының қатысуымен «Қызмет көрсету күні» шарасы ұйымдастырылады.