Kyzylorda-news.kz. Биыл Қызылорда облысында 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні кәсіби мерекесі қарсаңында алғаш рет «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің ережесі мен үлгісі бекітіліп, мерекемен құттықтау шарасында табыс етіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Жасұлан Шынтасов айтты.

«Аталған төсбелгімен марапаттау «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының облыстық филиалы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің бастамасымен қолға алынған. Төсбелгі қызметтік міндеттерін үлгілі және мінсіз орындағаны, мемлекеттік қызметтегі жоғары көрсеткіштері үшін Қызылорда облысының мемлекеттік қызметшілерін материалдық емес көтермелеу және ынталандыру мақсатында тағайындалып отыр. Төсбелгі мемлекеттік қызметте 10 жыл еңбек өтілі бар және салалық кәсіподақ мүшелігінде кемінде 3 жыл болған, еліміздің даму жолына ерекше еңбек сіңірген мемлекеттік қызметшілеріне беріледі», – дейді Жасұлан Шынтасов.

Сонымен қатар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында Қызылорда облысында жыл басынан бері «Басшылар байланыста» жобасы жүзеге асырылуда.

«Мемлекеттік қызметші күніне орай «Aray City Mall» сауда ойын-сауық орталығында «Басшылар байланыста» жобасының кезекті шарасы өтті. Шара барысында әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй, коммуналдық, жер, сәулет, құрылыс, кәсіпкерлік, білім, денсаулық, кірістер, көлік құралдарын тіркеу және көші-қон мәселелері бойынша мекеме басшылары азаматтарды қабылдап, 100-ге жуық тұрғынға мемлекеттік орган басшыларымен консультациялық көмек көрсетілді», – дейді басқарма басшысы.

Сондай-ақ карантин талаптарына байланысты департамент пен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірлесіп мемлекеттік қызметкерлерге тарихи орындарға онлайн саяхаттар ұйымдастырып келеді. Мәселен, бүгінгі күнге дейін орталық өлкетану музейі, қала музейі, Оқшы ата кесенесі және Қорқыт ата мемориалдық кешендеріне онлайн саяхаттар жасалды.

Тағы да оқыңыз: