Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында соңғы 2 күнде 43 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл туралы Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов мәлімдеді.
Аталған жол-көлік оқиғасы салдарынан 3 адам қаза тауып, 10 адам түрлі дене жарақатын алған. Сонымен қатар 39 жол-көлік оқиғасында азаматтарға материалдық шығын келтірілген. Бұл жағдайға байланысты қызылордалық полицейлер облыс тұрғындарын жолда сақ болуға шақырады.
“Автомобиль жолдарының тайғақ учаскелері “ҚазАвтоЖол” мекемесінің қызметкерлерімен бірге тез арада тексеріліп, көлік құралдары қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Республикалық маңызы бар жолдардың қауіпті аймақтарына патрульдік полиция бекеттері қойылды. Жолдарға арнайы заттар себетін 9 мамандандырылған автокөлік жұмылдырылып, олар жұмыстарын жалғастыруда. Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жүргізушілерге көлік дөңгелектерін қысқы шиналарға шұғыл ауыстыру қажеттілігі, ауыстырылмаған жағдайда мұндай құқық бұзушылық үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 5-бөлігімен әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны туралы ескертілді”, – дейді Шамшидин Амитов.