Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында өз үйінде 10 келі есірткі сақтаған тұрғын ұсталды.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Ақсай полиция бөліміне жергілікті тұрғын өз үйінде есірткі заттарын сақтайтыны туралы ақпарат келіп түсті.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің тұрғылықты мекен-жайына тінту, тергеу әрекетін жүргізу барысында пәтеріндегі болконында ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес 103 полиэтилен пакет табылып, тәркіленді. Тәркіленген заттар сараптама қорытындысымен 10 келіден астам кептірілген марихуана екені анықталды.
Сонымен қатар, арнайы іс-шара аясында жоғарыда аталған азаматтың бұл затты жеке пайдалану үшін сақтаумен айналысқаны белгілі болды. Белгілі болғандай, күдікті бұрын Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 300-бабы бойынша сотталып, 2018 жылы бостандыққа шыққан.
Күдікті Қызылорда қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 296-бабының 4-бөлігі (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді аса ірі мөлшерде өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, аталған қылмыс үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қызылорда қаласы бойынша жыл басынан барлығы 42 есірткі қылмысы анықталды. Бұл бағытта ішкі істер органдары мен қаланың мүдделі қызметтері, басқа да құқық қорғау органдары арнайы органдарымен бірлесіп, қажетті жұмыстарды атқарып келеді. Есірткінің заңсыз алқаптарын анықтау және жою бағытында профилактикалық және рейдтік іс-шаралар өз жалғасын табуда.