Kyzylorda-news.kz. Бүгін «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі  Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен партияның облыстық филиалының Саяси кеңесі Бюросының  отырысы өтті. Отырыста партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты аймақтық бағдарламасын жүзеге асыру бойынша дайындалған Жол картасы бекітілді.

«Алдағы 5 жылда өңірді дамытуға бағытталған Жол картасында 611 көрсеткіш және 1776 іс-шара қамтылған. Олар сайлауалды бағдарламаны толық әрі сапалы іске асыру жөніндегі қажетті барлық шараларды қамтиды. Басым бөлігі әлеуметтік мәселелерді шешуге, сондай-ақ, экономика мен өңірдің тұрақты дамуына бағытталған. Халықтың барлық санаты ескерілген. Орындалуы жылдар бойынша белгіленіп, қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етілген», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

«Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының 2025 жылға дейінгі Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған Жол картасы бұған дейін фракция отырысында  кеңінен талқыланып, облыстық партия филиалының Саяси кеңесі Бюросына бекітуге ұсынылған болатын. Мұндай Жол карталары қала, әрбір аудандар бойынша да арнайы дайындалып, жергілікті деңгейдегі фракция отырыстарында қаралды. Бұл партияның Сайлауалды бағдарламасының түрлі деңгейлерде  яғни, облыс, қала, аудан деңгейінде жергілікті халықтың ұсыныстарын ескере отырып дайындалғанының  нәтижесі.

Жиында Жол картасын іске асыру жөнінде алда бірлесе атқарылатын жұмыстар айқындалып, күн тәртібінде қаралған мәселелерге қатысты нақты қаулылар қабылданды.

Тағы да оқыңыз: