Қызылорда облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері үндеу жариялады – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылорда облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері үндеу жариялады

06.04.2021, 17:13

793 0

Kyzylorda-news.kz. Вирус жұқтырудың қарқыны артып келеді. Өткен тәуліктің өзінде Қызылорда облысында 39 жағдай тіркелді. Басым бөлігі COVID-19 инфекциясын жұқтырғандармен жақын қарым-қатынаста болғандар арасынан анықталған. Яғни, ұжымдарда вирус жұқтыру дерегі көбейген.

Облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова жұмыс орындарындағы санитариялық-эпидемиологиялық, дезинфекциялық талаптардың орындалуына жіті мән беруді сұрап, үндеу жариялады.

«Соңғы тәулікте Қазалы ауданындағы «Өрімтал» балабақшасында 9 дерек тіркелді. Қазіргі таңда ауру ошағында эпидемияға қарсы барлық іс-шаралар жүргізілді, қарым-қатынаста болғандар анықталып, медициналық бақылауға алынды. Эпидемиологиялық зерттеу жұмыстары жалғасуда, қажет болған жағдайда балабақша толығымен карантинге жабылуы мүмкін. Дегенмен де бүгінгі күні ата-аналар тарапынан балаларды балабақшаға жіберу тоқтатылған. Коронавирустық инфекция «Сибу-Қызылорда» мекемесінің вахталық жұмысшылары арасында да тіркелді. COVID-19 жұқтырған 1 адаммен байланыста болған 34 жұмысшы оқшауланып, ПТР анализдері алынды. Нәтижесінде 10 адамнан вирус анықталды. Қазіргі таңда ауру ошағы болған вахталық қалашық карантинге жабылды. Қарым-қатынаста болғандардың барлығы медициналық бақылауға алынды», – деді Динара Жаңабергенова.

Бүгінгі күні облыс бойынша коронавирустық инфекция жұқтырғандар саны 4198-ге жетті. Оның 3 % сырттан тасымалданған болса, 56 % скринингтік тексеру нәтижесінде анықталған, 41 % қарым-қатынас арқылы жұқтырған жағдайлар. Карантин талаптары кезең-кезеңімен жеңілдетілгенімен бірқатар шектеулер әлі де сақталуда. Бірақ той жасау, салтанатты шаралар өткізу тыйылмай тұр. Арнайы мониторингтік топ жыл басынан бері 28 отбасылық той-жиындар өткізген деректі анықтады. Еске салайық, қазір тек шектеулі адамдар санымен тек ас беруге рұқсат етілген.

«Әрбір тұрғынның вирустың таралуын тоқтатуға мүмкіндігі бар. Ол бетперде киюге, жеке гигиена ережелерін, қоғамдық орындарда арақашықтық сақтауға, дене қызуы көтеріліп, жөтел және тыныс алу қиындаған жағдайда медициналық көмекке жүгінуге шақырамын. Адамдар көп шоғырланатын орындарға баруды, шектен тыс қонақ шақырып, отбасылық мерекелерді тойлауды кейінге қалдыруды сұраймын. Әрбір тұрғын мамандар кеңесіне құлақ асып, карантин талаптарын орындаса инфекцияның да таралуын таратпауға мүмкіндік болады. Жауапкершілік ортақ – қауіпсіздік те ортақ», – деді Динара Жаңабергенова.

0

Пікір қалдыру