Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бектөре Сұлтанды қабылдады.

Кездесуде департамент бастығы аймақ басшысына облыстағы жедел ахуал мен қоғамдық-саяси жағдайды баяндады.
Жыл басынан өңірде 2690 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 36,4 пайызға төмен. Облыс жолдарында орын алған жол көлік оқиғалары және онда зардап шеккендер саны да азайған.

Ал, жыл басынан бергі 8 айда жол қозғалысын бұзудың 100 мыңнан астам дерегі анықталып, олар бойынша 760 млн.тенге айыппұл салынған. Нәтижесінде, облыстық бюджетке 486 млн.теңге қаржы өндірілді.

Қабылдау кезінде облыс әкімі Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында “полиция қадамдық қолжетімділікте” қағидаты бойынша полиция жұмысының одан әрі жетілдіруді, полиция қызметінің қолжетімділігі мен ашықтығын арттырып, тұрғындармен өзара тиімді байланыс жасау мәселесін жандандыру қажетігін атап өтті.
Өз кезегінде Бектөре Сұлтан учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін заң жүзінде бекіту мәселесі қаралып жатқанын тілге тиек етті.

Департамент бастығы ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуда қолдау көрсетіп келетін облыс басшылығына алғысын білдірді.
Қабылдау барысында облыс әкімі цифрландыру мәселесі, бейнебақылау камераларын модернизациялау және облыс жолдарында жылдамдық өлшегіш құрылғыларын орнату мәселесін талқылап, тиісті тапсырмалар берді.

Айту керек, қазірдің өзінде қылмыстық істердің жүргізілуінің 60 % электронды форматқа көшкен. Жыл соңына дейін меже тағы да ұлғаймақ.
Кездесу соңында аймақ басшысы Полиция департаментінің алдына нақты міндеттер қойды.

Тағы да оқыңыз: