Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында 230 ауылдың ішінен, даму әлеуеті жоғары деген 103 ауылдық елді мекен іріктелген. Оның 53-і тіректі, 50-і спутник ауылдық елді мекендер. Бұл туралы Қызылорда облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Нұрасылова мәлімдеді.

Алғашқы қадам, ауылдағы әлеуметтік ортаны жақсарту, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту бағытында, 2019 жылдың 27 ақпанындағы «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде Елбасының бастамасымен айтылды. Үкіметке «Ауыл – Ел бесігі» жобасын дайындап, 2019-2021 жылдарда жобаны іске асыруға 90,0 млрд теңге бөлді. Қазір аталған жоба, Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына біріктірілген.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, өткен жылы осы бағытта 1 917 млн теңге қаржы қаралып, Жосалы кентінде 3 мектеп, 1 мәдениет үйі, 1 емхана, 13 көше, Жалағаш кентінде 1 мектеп, мәдениет саласында 4 жоба, 8 көшеге жөндеу жүргізілген.

Ауылдың сумен қамту, электр қуатымен қамту секілді инфрақұрылымдарына тек қалпына келтіру және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жалпы білім беру мекемелеріне қосымша құрылыс салу, дене шынықтыру және сауықтыру, сонымен қатар спорттық комплекстер, ауыл көшелерін қалпына келтіру, күрделі жөндеу, жаңадан салу және де орташа жөндеу жұмыстар қарастырылған.

«2020 жылға «Ауыл Ел-бесігі» арнайы жобасына 5,1 млрд теңге бөлінген. Облыс бойынша 52 жобаны іске асыру қарастырылған. Жалағаш кенті, Жаңақорған кенті, «Жақсықылыш», «Шалқия» елді мекендері, «Бекарыстан би», «Ақмая», «Ақжарма», «Маханбетов» ауылдарының инфрақұрылымдары бір жаңарып қалады. Егер ауылыңызды 2021 жылы жобаға енгізігіңіз келсе, қазірден бастап жұмыстар жүргізілуде», – дейді Алмагүл Нұрасылова.

Айта кетерлігі, жобаны жүзеге асыру барысында сол ауылдардың 68 мың тұрғыны жұмысқа тартылады.

Тағы да оқыңыз: