Kyzylorda-news.kz. Биылғы жаңа оқу жылында әлеуметтік осал санаттағы 4 708 бала колледжде оқуға грант иеленді. Былтырмен салыстырғанда мемлекеттік тапсырыс аясында оқуға түскендердің саны 1600-ға артты. Бұл квота санаттары тізбесін кеңейтудің арқасында мүмкін болды.

Биыл аймағымызда колледждердегі мемлекеттік тапсырыс саны ұлғайып, 4708-ге жетіп отыр. Бұл — рекордтық көрсеткіш.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік 2025 жылға дейін сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім берумен 100% қамтуды жоспарлап отыр. Ал биыл тегін оқығысы келетіндер үшін квоталардың тізімі кеңейтілді. Көпбалалы отбасы балалары үшін 5% квота, толық емес отбасы балалары үшін 1% (осы мәртебеге үш жылдан кем болмауы керек) ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы балалары үшін 1% квота қосылды. Соның арқасында жаңа оқу жылында квота санатына 4 708 талапкер түсті. Бүгінде колледждерде жайлы жағдай жасау үшін жұмыс істеп жатырмыз», — деді облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Бекжан Есенбаев.

Айта кетейік, биыл колледждерге облыс бойынша барлығы 6 128 талапкер оқуға қабылданды. Студенттердің басым көпшілігі техникалық мамандықтар мен педагогика және медицина салаларын таңдаған.

Тағы да оқыңыз: