Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының орталығында жаңа өнер сарайы бой көтереді. Бүгін жаңа ғимараттың іргетасы қаланды.

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Сыр елінде 1000 келушіге арналған жаңа өнер сарайының алғашқы іргетасы қаланды. Құны 3,7 млрд. теңгені құрайтын екі қабатты өнер сарайының құрылысы шамамен бір жарым жылда салынып бітеді. Ғимаратта симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар мен түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі.

Шарада аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев халық санының өсуіне байланысты үлкен сыйымдылықтағы көрермендерге арналған өнер ордаларының қажет екенін жеткізіп, құрылыс жұмыстарына сәттілік тіледі.

«Бүгін іргетасы қаланған жаңа өнер сарайы тек мәдениет саласының қызметкерлеріне ғана емес, Сыр руханиятына қызмет ететін, шығармашыл тұлғалардың киелі ордасына айналады деп сенеміз. Себебі руханиятқа жұмсалған әрбір қаржы жауһар туындылардың өмірге келуіне, ұлтты әлемдік аренада танытуға, талантты өрендердің шабытын шарықтатуға жол ашады»,- деді аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев.

Айта кетейік, айтулы шараға өңірдегі өнер иелері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Тағы да оқыңыз: