Kyzylorda-news.kz. Аймақ басшысының алдағы жылу беру маусымын іркіліссіз өткізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында бүгін облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовтің төрағалығымен 2022-2023 жылдарғы жылыту маусымында әлеуметтік нысандар мен тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету бойынша селекторлық жиналыс өткізілді.

Жиналысқа аудан әкімдері, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен тиісті басқарма басшылары, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС және көмір жеткізетін өңірлік операторлар қатысты.

Бүгінде облыс көлемінде 29 өңірлік операторлар бар. Көмір отынына бағаның негізсіз өсуін, ортадағы делдалдарды болдырмау үшін кәсіпкерлерге тікелей көмір өндірушілермен биржа арқылы көмірді сатып алу бойынша түсіндірме берілді.

Мархабат Жайымбетұлы аудан әкімдеріне, сала басшыларына алдағы жылу беру маусымында көмір тапшылығын болдырмау мақсатында өңірлік операторлармен тиісті жұмыстарды атқаруды, сондай-ақ, халықтың көмірді кедергісіз сатып алуын қамтамасыз етуді қатаң тапсырды.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыстағы коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Сондай-ақ, «Қызылордажылу электрорталығы» МКК бойынша барлық жоспарланған жөндеу жұмыстары орындалған. Станцияның негізгі қондырғылары және Оңтүстік, Қазалы Теміржол жылу қазандықтары қысқа дайын.

Тағы да оқыңыз: