Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Сәлем, Елорда!» І республикалық өнер фестивалі салтанатты түрде бастау алды. Елімізде тұңғыш рет қолға алынған онлайн форматтағы фестиваль Мәңгілік елдің астанасы, Ұлы Даланың алтын қақпасы – Елордамызға арналып отыр.

Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың өнері мен мәдениеті күндері үлгісіндегі телевизиялық форматта ұйымдастырылған бұл фестиваль өңірлердің өнері мен мәдени жетістіктерін кеңінен насихаттап, озық үлгідегі орындаушыларды дәріптейді. Сондай-ақ, бұл жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, 2020 жылғы республикалық маңызға ие мерейтойлар мен жергілікті атаулы даталарды қамтитын болады.

Қазақстандықтарды рухани қолдау, отандық өнерпаздарды ортақ іске жұмылдырып, ел еңсесін көтеруге ықпал етуге бағытталған бұл өнер мерекесі Әбу-Насыр Әл-Фарабидің 1150, Алтын орданың 750, Ұлы Абайдың 175, Шәмші Қалдаяқовтың 90, Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойларының мәртебелерін асқақтатып, Қазақстан халқы Ассамблеясының ширек ғасырлық мерекесінің мерейін тасытатын болады.

Жобаны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» жанындағы «Республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығы» үйлестіруде.

Фестивальге ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ақпараттық қолдау көрсетіп, «Qazaqstan» ұлттық арнасының өңірлік филиалдары концерттердің түсірілімдерін ұйымдастырды.
Барлық концерттік бағдарламалар алдымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің YouTube арнасынан көрсетіліп, кейіннен «Qazaqstan» ұлттық арнасының өңірлік филиалдарында жариялауға жолданады. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта концерттерді республикалық телеарналардың бірінде ақпараттандыру мүмкіндіктері қарастырылуда. Осылайша, бүгіннен бастап алдын-ала бекітілген кестеге сәйкес республикамыздың барлық өңірлерінің концерттік бағдарламалары көрермендерге жол тартатын болады.

Ұйымдастырушылар аталмыш жобаны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін концерттер шеруіне айналдыруды көздеп отыр.
Өңірлердің өнер өркениетін өрістететін «Сәлем, Елорда» І республикалық фестивалі» көрермендердің көңіл көгінде қалықтайды деп сенеміз.

Байланыс телефондары: 8 701 306 35 60, 8 747 610 75 23, 8 705 549 50 77, 8(7172) 705-286.

Тағы да оқыңыз: